Волейболшыларымыз қоржынымызға қола жүлде салды

11/10/2018

Джакартада өтіп жатқан III  Пара Азия ойындарында ел құрамасы отырып ойнайтын волейболдан Ирактың спортшыларын ойсырата жеңді. Үшінші орын үшін өткен сайыстың үш кезеңінде де Қазақстан құрамасы айқын басымдылық көресетті.

Ел құрамасы  Индонезиялық волейболшылармен болған кездесуде де шеберлік танытты. Алаң қожайындарын 3:0 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Ал жартылай финалда Қытай құрамасына 1: 3 пен есе жіберсе де, Иракпен болған ойында Пара Азияның қола жүлдесін қанжығаларына байлады.  Өз кезегінде ақтық мәреге жолдама алған Иран және Қытай спортшылары бірінші және екінші орындарды  сарапқа салады. 

«Қарсылас команданың осалы болған жоқ. Бірақ біздің жігіттер де аянып қалмады. Бұл қола жүлде біз үшін үлкен жетістік. Дайындықта  төккен тер мен еңбегіміз ақталды. Ендігі мақсат, келер жылдың мамыр айында Тайландта өтетін Азия чемпионатында олимпиадаға лицензия алу. »- дейді құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Волейболшыларымыз сыйлаған қола медаль, ел құрамасының  24 ші жүлдесі.  Естеріңізге сала кетсек еліміздің еншісінде қазіргі таңда 4 алтын, 10 күміс және 10 қола жүлде бар.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер