Тамыры терең ұлттық спорт-құсбегілер сайысы өтті

22/10/2018

   Астана қаласының маңында бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы Халықарлық бүркітшілер байқауы өтті. Дәстүрлі түрде осымен төртінші рет ту көтерген байқауға еліміздің он облысымен қатар, Моңғолия мемлекетінің бүркітшілері қатысты. Екі күнге созылған турнир өз мәресіне жетті. Отыз бүркітшінің ішінен үзік деп танылған 10-ы ақтық мәреге жолдама алып, бақ сынады. Шешуші сында құсбегілер бүркітті қоянға, түлкіге салу, қаршығаны кептерге салу, ителгіні далбайға ойнатудан сайысқа түсті. Жарыс жеңімпаздары үш құс түрі (бүркіт, қаршыға, ителгі) бойынша анықталды.

   «Бізге қарағанда Қазақстанда бүркіт салудың ерекше айтып өтетін тұсы бар, Моңғолияда бүркіт өнері негізінен таулы аймақта жүргізіледі, ал Қазақстанда жазықта салынады, осы тұста таудың бүркіті жазық далада абдырап қалады тиісінше жазықта өскен бүркіт біз жаққа барғанда таулы аймақты жатсынатыны бар. Дегенмен бұл кедергі емес және осындай ерекшеліктерге қарамастан, екі ел бүркітшілері өзара тығыз байланыста деп айта алар едім. Тек қана жарысқа қатысып қоймай біз бүркітшілермен білгендерімізбен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасамыз»,- дейді Моңғолиядан келген халықаралық деңгейдегі төреші Қабыл Әділбек.

   Жарыс қорытындысы бойынша бүркіт салуда I орынды Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабажан, II орын Алматылық Ақберген Құрманалиев, III орынды Алматы облысының бүркітшісі Алмас Сейітжан иеленді. Ал қаршыға салу бойынша бірінші орынды Алматы облысының қатысушысы Аян Сейітжан жеңіп алса, екінші орын Ақмолалық ХазыбайАвсалам, жүлделі үшінші орынды Жамбылдық Берікболсын Жалғасұлы олжалады. Және ителгі бойынша бірінші орын Айшуақ Тайманов (Маңғыстау обылыс), екінші орын елордалық Руслан Мағзұмов, үшінші орынды Атыраулық Арман Қошқаров қанжығасына байлады. Жарыстың жалпы жүлде қоры жарты миллион теңге.

 

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер