Жемқорлықпен күресті өзіңнен баста

23/10/2018

 

   Қазіргі таңда қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Кез-келген мемлекеттің даму жолында басты кедергі болып табылатын жемқорлықтың тамырын жайып, тоқтамай тұрғаны бәрімізге белгілі. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл түйткілді мәселенің түйіні әлі шешіле қойған жоқ.

   Бүгін «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК  «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу» тақырыбындағы семинар өткізді. Жиынға дирекция қызметкерлерімен қатар ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы департаментінің бас маманы Исақұл Алан Әбдісерікұлы мен Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қожахметов Шыңғысхан Шопанұлы, Спорт және дене шынықтыру комитеті заң басқармасының бас сарапшысы Татиева Айнұр қатысты.

    Шараны  Спортты дамыту дирекциясының директоры Самат Ерғалиев  бастап, сыбайлас  жемқорлық қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде Самат Серікханұлы жемқорлықтың алдын алу мақсатында дирекцияда атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. Жыл басынан бері       Спорт Комитеті және Дирекция тарапынан сыбайлас жемқорлық мәселесіне баса көңіл аударылып, уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен тұрақты негізде семинарлар  мен түрлі шаралар өткізіліп келеді.

   «Заң алдында бәрінің дәрежесі бір»-деп бастаған баяндамасында агенттік өкілі Алан Әбдісерікұлы шараға қатысушылар назарына соңғы жылдары елімізде орын алған сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен қылмыстық жауапқа тартылған тұлғалардан тұратын арнайы бейне ролик ұсынды. Сондай-ақ, статистикалық мәліметтер мен бірнеше мысалдарды  алға тартты.

   Жемқорлықпен күресу егемен еліміздің жарқын болашағы үшін өте маңызды. Осы орайда билік пен халық біріге жұмыла жұмыс жасау қажет. Ал бұл орайда «Нұр Отан» партиясы екеуінің арасындағы дәнекер болатынын жеткізді Шыңғысхан Қожахметов. Шара соңында Шыңғысхан Шопанұлы қызметкерлердің бір қатарына «Нұр Отан» партиясының партиялық билеттері мен төс белгілерін табыстады.

   Қорыта келгенде сыбайлас жемқорлықпен күресті әр адам өзінен бастауы керек. Нәтижесінде бұл індет түбегейлі жойылмаса да , ауылының алыстары анық.

 

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер