Қоян-қолтық ұрыс және армиялық қоян-қолтық ұрыстың мықтылары анықталды

26/11/2018

 

 

Елордамыздағы «Дәулет» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай  ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы кубогына қоян-қолтық және армиялық қоян-қолтық ұрыстан ІV ашық республикалық турнир өтті.  

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қорғаныс министрі -  Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясының төрағасы Нұрлан Ермекбаев, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық федерация  президенті Астахов Сергей, ҚР Парламентінің депутаттары, қауіпсіздік құрылымдардың басшылары мен танымал әскери спортшылар - Ольга Рыпакова, Мақсұт Жұмаев қатысты.

Биылғы турнирдің ерекшелігі сонда, армиялық қоян-қолтық ұрыс пен қоян-қолтық ұрыс біріктіріліп, сондай-ақ әскери қызметші қыздар да күш сынасты. ҚР ҚК-нің әскери бөлімдері мен өңірлік қолбасшылықтарында алыдын-ала іріктеу сайыстары өткізіліп, оның жеңімпаздары турнирге жолдама алды. Төрт күндік қызу сайыс қорытындысы бойынша 30-дан аса команданың 400 қатысушысы арасынан қоян-қолтық ұрыстың мықтылары анықталды.

Жеке біріншілікте қоян-қолтықты жүргізудегі үздік шеберлігі үшін  абсолюттік санатта Мемлекеттік күзет қызметінің  әскери қызметшісі Олжас Абзалиев атанды.  Өздерінің салмақ дәрежелерінде қоян-қолтық ұрыстан ерлер арасында 55 келіге дейін Сағын Қазбек (ҚР ІІМ), 60 келіге дейін Зейнолла Бақдәулет (ҚР МКҚ), 65 келіге дейін Ұлан Мұқашев (ҚР ІІМ), 70 келіге дейін Кәден Айбек (ҚР МКҚ), 75 келіге дейін Айдын Төлепбаев (ҚР ІІМ), 80 келіге дейін Руслан Мұхамбаев (ҚР МКҚ), 85 келіге дейін Нұрсұлтан Бекбатшаев (ҚР МКҚ), 90 келіге дейін Данияр Үстембаев (ҚР МКҚ), қоян-қолтық ұрыстан әйелдер арасында 60 келіге дейін Сора Рахманова (ҚР ҚМ), 65  келіге дейін Регина Максимова (ҚР ҚМ), 70 келіге дейін Әнел Сейітмұрат (ҚР ІІМ), 70 келіден аса Мереке Жүнісова (ҚР ҚМ).

Сайыс нәтижесінде армиялық қоян-қолтық ұрыстан жалпы командалық есепте 14776 әскери бөлімінің құрама командасы оқ бойы озып шықты. Ал  қоян-қолтық ұрыстан Мемлекеттік күзет қызметінің құрама командасы қарсылас шақ келтірмеді. Екінші орынға ҚР Қорғаныс министрлігінің құрама командасы жайғасса, үздік үштікті ҚР Ішкі істер министрлігінің командасы қорытындылады.
Айта кетейік биылғы жылы турнирдің жалпы жүлде қоры 10 млн. теңгені құрады.

Дүбірлі дода Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың көркемдік ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Алғаш рет концертте Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен турнирге қатысушылар арасында әп-сәтте танымал болған «Мың алғыс Елбасы» патриоттық әні орындалды.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер