Несіп Жүнісбайұлы: Ол кездегі министрлер де «Спорт» газетінен қаймығатын

05/12/2018

Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» ұжымы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 60 жасқа толғалы отырған қазақ спорт журналситикасының төл ұстаханасына айналған «Қазақ спорты» мен «Спорт» газеттерін шын жүрегімізден құттықтап әріптестерімізге толағай табыс тілейміз. Біз осы мақсатта ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жоғары ұлттық дәрежедегі төрешісі, «Sport» және «Спорт» газеттерінің 1991-2013 жылдардағы бас редакторы қызметін атқарған, жазушы-журналсит Несіп ЖҮНІСБАЙ ағамызды арнайы сұхбатын жариялап отырмыз.

 

Ол кездегі министрлер де «Спорт» газетінен қаймығатын

 

– «Қазақ спорты» - «Спорт» гезетерінің шығуына 60 жыл толмақ. Оған өзіңіздің қосқан үлесіңіз зор. Осы газеттің шырақшысы болдыңыз. Сондықтан осынау шағын сұхбатымызды «Спорт» газетінің шығу шежіресінен бастап, бүгіні мен ертеңіне ойыссақ.

– Газет 1959 жылдан бастап шықты. Алғашқы екі жылға дейін бас редактор қойылмаған екен. Жауапты хатшы немесе шығарушылардың көмегімен шығып тұрыпты. Негізінен газеттің алғашқы күнінен бастап бас редактор болған қазақ журналистикасының үлкен ақсақалы Сайын Тұрсынов деген ағамыз 80-нен асты қазір. Ол кісі 1959 жылдан бастап, сол кешегі 2005 жылға дейін осы газетте қызмет етті. Одан кейін 1967 жылдан бастап қой деймін, Сматбек Төребеков ағамыз алғашқы редакторлардың бірі болды. Сматбек ағамыз 1982 жылға дейін басқарып, сол жылы спорт журналистерінің конгересіне барып келе жатып, жол апатынан қайтыс болды. 20 жылдай бас редакторлық етті. Өте жақсы адам еді. Мен өзім ол кісінің көзін көрдім. Бізді де газетке талай тартты. Телевидениеде істеген екен бұрында. Шынын айтқанда, спортқа ешқандай қатысы жоқ адам болатын. Енді ол кезде бәрін Орталық Комитет қояды ғой. Сол жігіт болды. Содан кейін 1991 жылы 23 қаңтардан бастап мен бас редактор болдым. Сматбек аға спорт журналистикасына қатысты аса бір керемет еңбек жазған жоқ. Бірақ газетті жақсы шығарды. Спортшылармен, басқа да адамдармен қарым-қатынасы жақсы еді. Әкімдермен дос болып жүріп, газеттің ғұмырын ұзартты деп ойлаймын. Амангелді Жақсыбектің де жамандығын көргеміз жоқ. 9 жылдай газетке қызмет еткен азамат болды. Мен өзім 1991 жылдан бастап, арасында бір үзіліс болды, содан 2013 жылға дейін бас редакторлық еттім.

 

– Атақты жазушы Төлен Әбдік ағамызбен бір сұхбат алғанымызда, «бұл газеттің тарихы 1959-дан да әрірек, менің жұбайым да қызмет еткен еді» деді. Газеттің нақты құрушылары кімдер?

– Мен ол тарихты нақты білмейді екенмін, шынын айтқанда. Оны болды дейін десем, білмей отырмын. Болған жоқ деп тағы айта алмаймыз, Төлен аға солай десе, демек болғаны. Сенің сол сұхбатыңды оқыдым. Ресми түрде 59-

дан бастып шықты деп тұр ғой газетте. Одан арықарайғысын біле бермейміз, біз де баламыз ғой ол кезде. Газет шыққан кезде мен 9 жаста екенмін.

 

– Есептеумізше, осы газетте ең көп қызмет еткен редакторлардың бірі сіз екенсіз. Оның сыры неде?

– Енді оның сыры бәленшеде деп айталмаймын. Мен бүкіл ғұмырымды осы спорт журналистикасымен байланыстырған адаммын. Сондықтан да жоғарыдағы аталған ағалардан кейін газетке дәл келген шығармын. Спортты бір адамдай білген шығармын. Мен тек қана журналистика емес, денешынықтыру институтын да бітірдім. Өзімнің де спортқа құмарлығым болды. Сосын көптеген спорт федерацияларының төрағасы болдым. Спортқа қатысты қоғамдық қызметтің бәрін де атқардым. Басшылардың бәрімен білімі тең, білігі тең адам ретінде қызмет еттім. Осылардың бәрінің әсері болар. Әйтпесе, мен аспаннан түскен адам емеспін.

 

– Бір телеарнадағы сұхбатыңызда «қазіргі спорт газеттері өліп жатыр» деген емеурін білдірдіңіз. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Оның себебі, БАҚ саласындағы газетжурналдарды (классикалық журналистика – Б.Қ) қазіргі интернеттегі электронды порталдар немесе онлайн баспалардың ығыстырып жіберуінен. Болмаса кезінде «Спорт» газетінің тиражы 350 мыңға дейін жеткен. 350 мың деген тиражды көз алдыңа елестетіп көр, айналайын. Мұндай тиражға «Спорт» газеті мен «Лениншіл жас» газеті ғана жеткен. Жастардың пионерлерге арналған газеттері де жеткен жоқ. Сіздердің тираждарыңыз қанша екенін білмеймін. Оны айтуға қақым да жоқ. Бірақ сонымен салыстырып көр де өзің айта бер... Мен негізі ол сөзімде тікелей бір газетті қолмен нұқып айтқан жоқпын, жалпы газет атаулы шетқақпай болып тұр. Көзге шыққан сүйел секілді. Мықты шығып жатқан газеттерді ұстаса, өкімет пен партия ұстап отыр. Басқа үкімет пен партия секілді «әкесі», «шешесі» жоқ газеттердің бәрі қазір өлім алдында. Біз білетін көптеген мықты газеттердің өзі интернетке айналып жатыр. Бұл газетіңіздің де жағдайы керемет деп қол шапалақтай алмайсың, айналайын. Кезіндегі тиражбен қазіргі тиражын салыстырып көр де өз ақылыңа сал. Газет өліп пе, өлмеп пе?..

 

– Сіз басқарып тұрған кезде газеттің әлеуеті қандай деңгейде болды?

– Менен бұрын да мықты журналистер болды. Сайын Тұрсынов ағамызды айттым. Осы күнге дейін еңбегіне ешкім жетпейтін Дендербай Егізов деген фотожурналист ағамыз болды. Фотоаппаратын көтеріп футболды екі сағат бойы жаяу жүріп түсіретін. Ол кезде қазіргідей алыстан ала салатын апарат та жоқ. Аманғали Құрақов деген ағамыз болды, кәдімгідей спорттың баржоғын білетін еді. Жүсіп Қисымов деген ағамыз болды, ол кісіні «аяғымен жүрген энциклопедия» дейтінбіз, білмейтіні Жоқ. Спорттың айналасындағы сан-цифрды жатқа соғатын. Кім не жазды, бәрін білетін. Біздің газетіміз де талай-талай спортшылар, үлкен ағаларымыз істеді. Өмірзақ Жолымбетов, Ғазизбек Тәшімбаев, бірі ғалым, бірі жазушы көптеген

мықты азаматтар істеді. Мен басқарып тұрған кезде жоғарыда атап өткен Сайын Тұрсынов ағамыз бірінші орынбасар, Дендербай Егізов ағамыз тілші, Жүсіп Қисымов бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Солардың кезінде, құдайға шүкір, газет өзінің беделін жоғалтқан жоқ. Керек десеңіз сол кезде аузын айға білеген Қазақстан министрлері советі жанындағы Спорт комитеті біздің газетімізбен санасатын. «Намыс» командасын құрып, оны кәдімгідей орналастырып Қазақстан чемпионатына қосып жүргенім менің құдіретім емес, осы газеттің беделі болатын. Егер газет пәрменсіз болса, «Намыс» командасы құрылған күннен-ақ жабылар еді. Ал біз оларды 6 жыл Қазақстанның чемпионатында ойнаттық. Оған министрлердің бәрі мойынын бұрды. Қаратай Тұрысов ағамыздан бастап, көлік, киім, қаржы берді. Көп қамқорлық жасады. Осының бәрі газеттің абыройы деп ойлаймын. Сосын біз көптеген ұлттық спортты жандандырдық. Тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, т.б. бәрін дамыттық. Қайталап айтам, ол кездегі министрлер де «Спорт» газетінен қаймығатын. Міне, газеттің әлеуеті деген сол. Тиражымыз да жаман болған жоқ.

 

– Кезінде өзіңіз «Спорт» газетін басқарып тұрып, «Егемен Қазақстанда» қазақ спортын сынап жазғаныңызды білеміз. Соның кесірі өзіңізге де, газетіңізге де тиген секілді, қазіргі «Қазақ спорты» («Sport») газетінің сол кездері шықпай қалуы тираждың кемуіне әкеліп соққан жоқ па? Мұны айтып отырған себебіміз, орыс тіліндегі «Спорт» газетінің 1 мың нөмір алда келеді. Қазақ газеті бұл санға 2016 жылы (№25-56) жетті.

 

– Менің «Қазақ спорты, қайда барасың?» деген проблемалық мақалам шықты. Ол сын емес. Ол мақаламның жарықшағы тек қана өз басыма тиді. «Спорт» газетіне тиген жоқ. Оны қазір саған дәлелдеп берем. Біріншіден, ол мақалада қазақ спортшылары мен ұлттық кадрлардың мұң-мұқтажын жеткізген болатынмын және сол мақаладағы айтқан мәселелерім шын болып шықты. «Афина Олимпадасына дайындығымыз нашар» деп дабыл қаққам. Сол ақыры рас болды, жалғыз-ақ медаль алдық та 40-орынмен қайттық. Қазақстанның тарихында ең төменгі орын сол Афина Олимпиадасында болды. Оны мен алдын ала дабыл қағып айтқан едім. Бұл – бір. Екінші, неге қазақ тіліндегі «Спорт» газетінің 1 мың саны кем шығып жатыр деген сұраққа: мен кеткеннен кейін менің орныма Ғалым Сүлейменов деген азамат келді. Сол кезде біздің басшылар оны Бигелді Ғабдуллин деген адамға жекеге беріп жіберді. Мен 2011 жылы қайтып алғанда, газеттің қазақшасының шықпағанына екі жыл болған екен. Қазақша газеттің саны кем болатыны сондықтан. Ақылыңа салып сараптай бері енді. Қазақстанда тұрып, орыс тіліндегі газетті шығарып, қазақша газетті шығармай қою, меніңше, бұл – қылмыспен тең оқиға! Сондай келеңсіздіктің кесірінен қазақша газеттің саны аз болды. Мен қайта газетке келгенде министрлікке қойған талабым, қазақша газетті қайта шығару болды. «Егер қазақ газетін шығармасаңдар, орысшасын да жабамыз» деген талап қойдық. Ол кезде баспасөздің бетіне де жазылды.

Министр рұқсат беріп, 2011 жылдың тамызынан бастап екі газет қайтадан бірге шыға бастады.

 

– Қазақ спорт журналистикасының майталманы, осы газеттің тарихи тұлғаларның бірі ретінде газетімізге қандай талап-тілегіңіз бар? Сүйікті оқырманыңызға не айтасыз?

 

– Енді менің айтатындарым көп еді. Осы жерде мен ештеңе айта алмайтын шығармын. Біріншіден, Қазақ елінің тұңғыш спорттық басылымы дәл бүгінгі күйге түспеуі керек еді. Газетте қызмет етіп жатқан сен де, оқып жүрген мен де, басқа да оқырман «газет мықты болып кетті» деп айта алмаймыз. Оның себебі көп шығар. Дегенмен, басты себебі, газетті жеке қолға сатпау керек еді. Бұл мемлекеттің мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын Спорт комитетінің, Спорт министрлігінің нағыз қолындағы алмас қылышы немесе көтерген туы болуы керек еді. Ал оны анау-мынау бұйрықтарға сүйеніп министрлік жеке қолға сатып жіберіп отыр. Жалпы, мемлекеттің мүлкін сату қандай болатынын осындай элементтерден байқауға болды... Мемлекет газеттің «әке-шешесі» секілді, қиналса, қаратып қойып өлтірмейді. Осындай жағдайдан соң халық өзінің газетін жоғалтады. Газет мемлекеттің көмегінсіз өзінің көптеген оқырманын жоғалтады. Міне, осы жағдайлардың бәрі қабырғама қатты батады.

 

– Газет әне-міне 60 жасқа толмақ. Және бес мыңнан астам санын шығарған газеттер көп пе бізде?

 

– «Егемен Қазақстан», «Казправдаларды» қоспағанда, апталық газеттерден біздің газетке жете қойғаны жоқтың қасы.

 

– Басқа айтам деп көмейіңізде қап кеткен сөз жоқ па?

 

– Менде айтар сөз көп. Бірақ айтатын орын бұл емес. Сондықтан осы сұхбатыңызға рақмет. Құдай газеттің ғұмырын ұзақ қылсын, үзбесін! Басқа тілек жоқ.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –

Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер