Қалың қалай қазақ спорты

10/12/2018

Жалпақ әлемде жалаулатып жүретін статистика деген өтіріктің атасы бар. Сол статистикаға сенсек, кейде нашақор, адам айтқысыз зорлық-зомбылық пен суицидке бейім тұратын ел көрінеміз. Бірақ сол инфографиканың қалай алынып, қандай критерийлер бойынша есептелетінін түсініп, толық байыбына бармаймыз. Ол қаншалықты шындық, оған бас қатырмаймыз.

Статистиканы жасап отырған батыстың өзі, яғни Жан Ко мен Бенджамин Дизраэли «Статистика – жалған ғылымдардың ішіндегі ең дәлдісі», «өтіріктің үш түрі болады: өтірік, арсыз өтірік және статистика» деп өздері айтса да сенеміз.

Егемендіктің алғашқы 20 жылдығында бізді осындай статистика көрсеткен «жер өртеген» атағымыз бойынша танып келді.

Соңғы бірнеше жылдың бедерінде Қазақ елінің спорты әлем «проблемасына» айналғаны анық. Кеше ғана бізді нашақор, бәлеқор деп күстаналайтын, қазақ елінің футболы жайлы түрлі анекдот таратып, келекелейтін әлем бір сәтке демін ішіне тарта қалған секілді. «Қайрат» жанкүйерлерінің көңіліне келсе де айтайын, сол табаны күректей жиырма жылында елеулі қайрат қылмағаны да рас. Есесіне «Астананың» аяқ алысы – көңілге медеу.

Қысқасы, Қазақияның спортында жалпы айтсақ: оң нәтиже, алға жылжу бар дейді мамандар. Кәсіпқой және әуесқой бокс, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, күрес, су спорты, дзюдо қатарлы спорт түрлері біршама биікке көтерілді. Футбол ол өз алдына басқа әңгіме.

Ел егемендік алғаннан кейінгі көңіл көншітерлік тағы бір іс, ел рухын көтеретін бір жоба болса, ол – «Қазақстан барысы» жобасы. Оның жанкүйерлері мен көрермендері Геннадий мен «Астана», «Қайраттың» қолдаушыларынан кем емес. Айналасы бес жылдың ішінде бірегей жобаға айналды.

Қазақта небір алып балуандар туды. Тарихта Балуан Шолақ, Иман Жүсіп, Қажымұқан Мұңайтпасов секілді басқа да нар тұлғалы балуандар көп. Ал енді осы жерде бір заңды сұрақ туындайды. Қазақта осындай балуандар болған. «Сонда қазақта неге күрес жоқ?» деген сұрақ. Ал сұрақтың жауабы – «Қазақстан барысы» жобасы! Міне, осының бәрі – ұлттық һәм мемлекеттік идеология!

Президент Н.Назарбаевтың Жолдауындағы «Халықтың 30 пайызын спортпен қамтып, салауатты өмір салтын қалыптастыру керек» деген ұран тастағалы да біраз жыл болды. Осы сөз спорт саласының жандануына қозғау болып ел спортының дамуына ұйытқы. Ұйықтап жатқан спорт федерациялары «шошып оянды». Спорт басқармалары мен спорт бөлімшелері қыбырлай бастады.

Оның дәлелі – кез келген әлеуметтік желілер мен блог-тұғырлар спорт жайлы блок-блок етіп жарысып жазып жатты. Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты, тіптен «Халық Қаһарманы» атағын алды. Ақындар жыр жазып, журналистер сыр жазып жатқаны байқалмайды.

Реакция онша қатты емес. Бұрынғыдай «Адамға табын, жер, енді» деп ешкім күңірене қоймады. Керісінше, Геннадий мен Қанаттың бір «төбелесі-ақ» елді қатты қызықтырып отыр. Қазір айға ұшсаң да ел бүлк етпейді. Одан гөрі спорттық әлдебір жеңіс толғандырады.

Міне, сондықтан да ұлттық идеологияның бір пұшпағын спорт саласы иеленіп отырғандығы анық.

Осы ретте БАҚ-тың маңызы өте зор.

Кейде сол спортшыларды бар қылатын да, жоқ қылатын да осы БАҚ саласы. Оған дәлел Бейжің Олимпиадасының алтын медаль жүлдегері Бақыт Сәрсекбаевтың басындағы хикая… Ондай мысал аз емес.

Ұлттық идеология мен мемлекеттің саяси ұстанымдарына сай, спортсүйер оқырман қауымның қажеттілігін үздіксіз өтеп келе жатқан газеттер («Қазақ спорты» – «Спорт») жаңа бір белеске бой түзді: ел спортын насихаттап, халықты салауатты өмір салтына шақыру; спорттық сүйекті сараптамалармен қызықты болжамдар жасау; кейбір шаласауатты спорт комментаторларының ағат сөйлейтін тұстарында «шымшып» отыру; не мекен-жайы жоқ, қатты ұйқыға батып кеткен спорттық мекемелерді де сын тезіне салу (нақты фактілермен). Һәм аталмыш газеттер айтулы 60 жасқа толып отыр.

Ел спортының көшін бастаған талай саңлақтарымыздың дүниежүзілік додаларда топ жарғандарын алғаш рет сүйіншілей хабарлаған, бүгінгі спорттағы жетістіктерімізді, оның қалыптасу, даму барысын

өндірте жазып жүрген қос басылым бүгінгі таңда да бұқаралық спортты насихаттау, болашақ ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында игілікті істер атқарып келді.

Спорт журналистикасының корифейі Сейдахмет Бердіқұловтың ізбасарлары Несіп Жүнісбайұлы, Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбекұлы, Бақтияр Тайжан, кейінгі буын Амангелді Сейітхан, Есей Жеңісұлы немесе Бекен Қайратұлы (ұлттық спорт түрлері бойынша), Сәкен Сыбанбай (футбол тақырыбы бойынша) секілді спорт журналистерінің қатарының кейінгі кезде сиреуі – қазіргі жастардың спорт газеттерін оқымайтындығынан. Қазір спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген жас журналистер өте аз. Жазғандары көңіл көншіте қоймайды. Бәрінікі бір сарын, бірсыдырғы. «Ұрды», «соқты» деген ақпараттан аспайды. Талдау, сараптама жасап жүрген журналистер жоқтың қасы.

Рас, байқап қарасаң, газетті оқитын да, оны талдайтын да аға буын. Неге? Себебі, олар бала кезден газетті жастанып жатып оқып өсті. Ендеше осы «оқу» жүйесін неліктен қайыра қолға алмасқа? Оқушылар алдымен шығармашылығы шыңдалатын «Ұлан», «Балдырғанға» жазылсын, сонан соң салауатты өмір салтын, спортты насихаттайтын сол баяғы «Қазақ спорты»-«Спорт» басылымдарын оқысын. Бұл таңнан қара кешке дейін қызметте жүріп, баласының тәрбиесіне көңіл бөле алмайтын ата-ана қаншама? Қырып-жоюды ғана үйрететін компьютер мен гаджеттерден де тыс өмірдің болатындығына бүлдіршіндеріміздің көзін жеткізуші едік. Егер «Бұл саясат дұрыс емес, демократия қайда қалады?» деген бір нәрсені шығарып алдық. Абайдың баланы оқытудың жолы туралы айтатын сөзін есіңізге түсіріңіз. «Не қорқытып, не паралап оқыту керек» дейтіні бар еді ғой. Сондықтан баланы қазір міндеттемесе, ертең, ол есейгенде тәрбиелеп аламын деу бекер емес пе. Оны біз өзіміздің қатарластарымызға қарап-ақ көз жеткізіп жүрміз. «Жастар газет, кітап оқу дегенді білмейді» дейміз сосын.

Біздегі мақсат біреу, ол – дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Қазақ елін денсаулығы мықты, жұмысқа шымыр, әскерге жарамды ел болуға үгіттеу. Америкалықтардың қазіргі қолға алған бір ісі – қалаларда фитнес клубтарды молайту, спорт кешендерін қолжетімді ету. Бұл да бізді ойландыруға тиіс.

 

Баһадүр Алтай

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер