Алматыда Ұлттық ат спорты түрлерінен Жастар арасында І Азия чемпионаты өтеді

13/04/2019

16 сәуір күні сағат 12:30-да Талғар ауданы Панфилов кентіндегі атшабарда Ұлттық ат спорты түрлерінен Жастар арасында І Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан Азияның бірқатар елдерінің жастар құрама командалары тұңғыш рет өтетін байрақты бәсекенің жүлделерін сарапқа салады.

6 күнге созылатын чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді жалпы жиыны 10 мемлекеттің ең үздік спортшы жастар командалары бақ сынайды.

Алдын ала бекітілген бағдарламаға сәйкес бүгін сағат 17.00-де Желтоқсан 12 мекен-жайында орналасқан «Астра» қонақ үйінде мандат комиссиясы мен төрешілер алқасының отырысы өтеді.

Айта кетейік, Жастар жылы аясында өтетін байрақты бәсекенің жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгеге жуық қаражатты құрайды. Жылдың айтулы спорттық шарасына Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) де қолдау білдіріп отыр.

Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырады. Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер