Еліміздің бұқаралық спортының дамуы

15/08/2019

 

2019 жылдың 15 тамызында ҚР АКМ Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздің бұқаралық спортын дамытуға арналған баспасөз конференциясы өтті.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы, Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Сапиев Серік Жұманғалиұлы қатысты.

«Министрліктің алдына қойған тапсырмалары аясында 2018 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адам саны 30  пайызды құрады, яғни сандық көрсеткіште 5,5 млн адам. Бұл тұрғыда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 207 млн адамды қамтыған 27 мың спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ауылдық жерде 1,1 млн адамды қамтыған 16 мың спорттық-бұқаралық іс шара өтті.

Жергілікті атқарушы органдардың есебіне сүйенсек, дене шынықтыру және спортпен айналысатын оқушылар саны 1,8 млнды құрады, бұл жалпы спортпен шұғылданатындардың 33 пайызы. 

ҚР БҒМ есебіне сүйенсек, 2018 жылы мектептердің спорттық залдармен қамтылу көрсеткіші 85,7 пайызды, алаңдармен қамтылу – 93 пайызды құрады. Мектептердің спорттық залдармен қамтылуы 1,2 пайызға артты.

Мектептердің спорттық залдармен қамтылудың жоғары пайыздық көрсеткіші Алматы қаласында (99%), Нұр-Сұлтан қаласында (96,5%), Маңғыстау обл (93,7%), Шымкент қаласында (93,3%), Қывзылорда облысында (92,8%), Павлодар облысында (92,3%), Атырау облысында (90,2%), Қарағанды облысында (90,2%).

3 облыста (БҚО - 75%, Ақтөбе облысында - 77,2%, Түркістан облысында – 79,1%) аталған көрсеткіш республикалық деңгейден төмен.

Сонымен қатар, биылғы жылды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялағанын білесіздер.             

Осы орайда, жастардың патриоттық сезімін ояту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында еліміздің үш қаласы Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында 30 тамыздан  «Qazaqstan Zhastar FEST» атты теңдессіз жоба басталады. Болашақта бұл жоба еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасын табады. Қазақстан бойынша 15 мыңнан астам жасты осы жобаға тартамыз деген жоспарымыз бар»,- деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Министрлік спорт нысандарының балаларға қолжетімді болуы үшін үлкен назар аударады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы тегін абонементтерді 462,3 мың адам алды, оның 185,3 мыңы – аз қамтылған отбасылардан, 237,5 мың – көп балалы отбасылардан, 30 мыңға жуық – жетім балалар және 10 мыңнан астамы  – ерекше қажеттіліктері бар балалар.

Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеңілдіктер қарастырылған: 1 және 2 топ – мемлекеттік спорт нысандарына тегін бара алады, 3 топ - 50% жеңілдікпен. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында паралимпиадалық қозғалысты дамыту мақсатында алғашқы Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды.

«Өздеріңіз білетіндей, халықтың спортпен жаппай шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Елімізде 38,6 мың спорттық нысан бар. Оның 27,5 мыңы білім нысандарына тиесілі, 11,1 мыңы дене шынықтыру және спорт объектілеріне жатады.

Алайда бұл жеткіліксіз. Елбасы өзінің Жолдауында ел бойынша  100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажет деген тапсырма қойған болатын. Осы орайда, біз талдау жасадық. Соның нәтижесінде, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайды. Іс жүзінде – 714 мың 159 ш.м. Жетіспеушілік – 51 пайызды, оның ішінде ауылдық жерде 80 пайызды құрап отыр.

Осы орайда министрлік 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтылады. Осы жылы 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынады»-деді Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сапиев.

Министрлік өз алдына қойған тапсырмаларды орындау және қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында жұмысын жалғастырады,-деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер