ҚР Президентінің жүлдесіне БАҚ арасында шағын футболдан мини-турнир

30/08/2019

Нұр-Сұлтан – 2019 жылдың 30 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында "Астана Арена" стадионында ҚР Конституция күніне орай тұңғыш рет БАҚ өкілдері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнирдің ашылуы өтті. Шараның ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Күлгінов, ҚР баспасөз-хатшысы Берік Уәли, Егемен Қазақстан АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр ең алдымен ҚР Ата Заңы күнімен құттықтады.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан барлықтарыңызды бүгінгі турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Біз қашанда бұқаралық спортты дамыту жолында қызмет етіп келеміз. Соған дәлел, бүгінгі турнир. Оның жүлде қоры – 3 500 000тг. БАҚ әрқашан билік пен халық арасында көпір іспетті. Осы жолда жасап жатқан еңбектеріңіз ақталсын. Сіздерге сәттілік тілеймін!»-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Айта кетейік, турнирдің жүлде қоры – 3 500 000 тг. 1 орын – 1 500 000тг, 2 орын – 700 000тг, 3 орын – 300 000тг. Сонымен қатар, үздік ойыншылар 100 000тг көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.  Турнирге 32 команда қатысып жатыр.

Турнирдің мақсаты – БАҚ қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарысты ұйымдастырушы: ҚР Президентінің Баспасөз қызметі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер