Қазақ батырлары әлемнің үздік спортшыларымен татамиге шығады

04/07/2018

4 шілде сағ 12.00-де ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде (Мәңгілік ел к, 8, 15 кіре беріс) Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев Кекушинкай каратэ бүкілқазақстандық ұйымының негізін салушы Таджымұрат  Найзабековті, Кекушинкай каратэ Бүкіләлемдік Одағының Президенті Табата Шигеру мен Кекушинкай каратэ Бүкіләлемдік Одағының вице-директоры Кои Ёшикадзуды қабылдады. Күн тәртібіндегі басты мәселе: Балалар мен жасөспірімдер арасындағы кекушинкай каратэден Әлем Чемпионаты.

Өз сөзінде, Серік Маратұлы жапондық ресми делегацияға аталған Чемпионатты Қазақстанда өткізу үшін сенім білдіргендері үшін алғыс айтты.

«Қазақстан үшін мұндай жарысты қабылдау аса үлкен мәртебе. Бұл елімізде шығыс жекпе-жегінің қарқынды дамып жатқандығының көрінісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қашанда аталған спортты бұқара халық арасында дамыту үшін қолдау білдіруге дайын»,-деді Серік Жарасбаев.

Өз кезегінде, Таба Шигеру ыстық ықылас үшін алғыс айтып, отандық спортшылардың дайындығын жоғары бағалады.

«Индонезияда өткен соңғы Әлем Кубогында ҚР ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынды алды. Бұл қазақстандық спортшылардың жоғары дайындығын байқатады. 2019 жылы Жапонияда Әлем Чемпионаты өтеді. Оған Қазақстанның Жасөспірімдер құрамы қатысады. Сол жерде үздіктер анықталуы тиіс»,-деді Таба Шигеру.

Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем Чемпионаты Қарағанды қаласында, 6-7 шілдеде өтеді. Жарысқа әлемнің 18 елінен спортшылар келеді  (Қазақстан, Жапония, Ресей, Германия, Әзірбайжан Грузия, Украина, Молдова, Румыния, Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Пәкістан, Армения, Кувейт Сирия, Иордания) . Қазақстан Ұлттық құрамасын Әлем Чемпионы Әлішер Авжони мен Еуропа Чемпионы Азамат Сұлтанбеков бастап барады.

 

Анықтама үшін: Бүгінде елімізде кекушинкай каратэ қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Кекушинкай каратэмен 27 мыңнан астам адам айналысады. Жаттықтырушы – нұсқаушы саны 486. Ұйымның жұмысы барысында 1224 қара белбеу иегерлері дайындалды, олардың жартысынан көбі, бірінші даннан жоғары сатыны иеленгендер.

 

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер