Главная > Новости > БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
12 тамыз сағат 17.00-де Астанадағы «Қазанат» атшабарында Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі ту көтереді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа қатысатын әлем мергендерінің аты-жөні де анықталып қойған. Сонда төрткүл дүние түкпірінен садақтарын сайлап, жебелерін ұштап келер сол мергендер арасында кімде бар? Ұлттық садақ атудан әлемге аты әйгілі Кашшай Лайош сынды мергені бар Мажарстаннан Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Өздерін түркі жұртының бір бұтағы санап, ежелгі қыпшақ ұрпағымыз дейтін Мажарстан халқы ат үстінен садақ ату дәстүрін ұзақ жылдан бері насихаттаумен келеді. Венгрияда Еуропа көлеміндегі дәстүрлі садақ ату жарыстары жиі ұйымдастырылады. Қазіргі кезде бүтін Еуропаға мадияр садақшыларының мергендік даңқы мол жайылған. «Алтын жебе» турниріне келетін Намети Кристоф сол көп мергеннің ішіндегі үздіктердің бірі. Ұлттық садақтарын ұлықтап, садақ атудың халықаралық сайысын ең жиі ұйымдастыратын елдің бірі – Түркия. Бұл елден атағы жер жарған бапкер Левент Талха мен шәкірті Мұрат Бонжук келмекші. Сондай-ақ, Малайзиядан Ахма Дакалан, Польшадан Радослав Козуч, Румыниядан Mihai Cozmei, Финляндиядан Anna Kataviina Aibvecht, Катардан Walid Khawajkyc, Германиядан Giulia Josefine Salts сынды көздегенін мүлт жібермес қолмерген садақшылар Елордаға ат басын тірейді. Сонымен қатар, іргедегі көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің мергендері де Жамбы атудан тұңғыш өтетін халықаралық жарыстан тыс қалмақшы емес. Ал, енді әлемнің мұнша қалың садақшыларынан үздік шығады деп үміттеніп отырған Қазақ елінің хас мергендері кімдер? Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынамақ. Олар; Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбаев Абзал, Үзденбаев Бекқали. Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да өте қомақты. Бес орынға дейін бәйге бар. «Алтын жебе» турнирінің ережесі бойынша жарыс үш кезеңмен өтеді. Жеңімпазды анықтау үшін мергендердің үш кезеңде жинаған барлық ұпайлары есепке алынады. Алғашқы кезең «Шапшаң ату». Мұнда садақшылар нысана тұсына атпен келіп тоқтап, төрешінің «атыңдар!» деген бұйрығы бойынша шапшаңдықпен оқ атады. Уақыт мерзімі – 10 секунд. Осы 10 секундта спортшы жебені үлгергенінше атуға тиіс. Нысана он қадам жерде тұрады. Оқ нысананың ортасындағы қызыл шеңберге тисе 3 ұпай, сары шеңберге тисе 2 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай беріледі. Ал, екінші кезең «Қалқан ату» деп аталады. Мұнда спортшылар жолақты арқанмен көрсетілген, ені үш метрлік дәліз жолдан 10 метр қашықтықтағы, арасы 35 метрден, 1 метр биіктікке орналастырылған, диаметрі 60 сантиметр болатын қалқан пішіндес үш нысананы атпен шауып келе жатып кезекпен атып өтеді. Оқ нысана ортасындағы қызыл шеңберге тисе 5 ұпай, сары шеңберге тисе 3 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай есептеледі. Спортшыға 2 мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындауға 25 секунд уақыт беріледі. Ол осы уақытта үлгергенінше оқ ата алады. Атпен шауып өтетін дәліз-жолдың ұзындығы 200 метр. Егер осы жолды спортшы 25 секундтан ұзақ уақытта шауып өтсе оның ұпайлары есепке алынбайды. Үшінші кезең – «Жамбы ату». Спортшылар дәліз-жол бойымен әр түрлі қашықтықтағы 2,4 метр биіктікке ілінген, диаметрі 20 сантиметр 3 нысанаға шауып келе жатып үлгергенінше оқ атып өтеді. 1-ші нысана «қола жамбы» жолдан 8 метр қашықтықта, 2-ші нысана «күміс жамбы» жолдан 10 метр қашықтыққа, 3-ші нысана «алтын жамбы» жолдан 12 метр қашықтыққа орналастырылған. Нысаналардың өзара қашықтығы – 30 метр. Жебе «қола жамбыға» қадалса – 5 ұпай, «күміс жамбыға» қадалса – 10 ұпай, «алтын жамбыға» қадалса – 15 ұпай беріледі. Ал, егер жебе жамбы ілініп тұрған қылды қиып өтсе 20 ұпай есептеледі. Бұл тұста анықтап айтарымыз, жебенің жамбыға қадалғаны ғана есепке алынады. Спортшыға 2 мүмкіндік беріледі. Бұл кезеңде де садақшының атпен шауып өткен уақыты 25 секунд. Анықтама үшін: Жамбы ату қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Ереже бойынша спортшылар сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатулары керек. Нақты ақпарат алу үшін: Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Тугумбаева Рауханға мына байланыс нөмірлері арқылы хабарласуларыңызға болады: 74-08-61, 87051422707