Главная > Новости > БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
17 тамызда сағ.11.00-де Астанадағы «Қазанат» атшабарында Аударыспақтан І халықаралық ашық турнирдің туы көтерілмек. Бас серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Бас ақпараттық қолдаушы – «Қазақстан» телерадио корпорациясы. Бұл сайысқа осы уақытқа дейін Венгрия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттері балуандарының қатысатыны анықталды. Сондай-ақ, аударыспақ сайысында АҚШ, Ауғанстан, Тәжікстан спортшылары да бақ сынауы мүмкін. Еске салып өтсек, бұған дейін аударыспақтан екі мәрте Азия чемпионаты ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 2014 жылы Астана қаласында, ал, 2016 жылы Қытай елінде Ашық Азия чемпионаты өткізілді. Екі чемпионатта да абсолютті салмақта Қазақстан спортшылары жеңімпаз атанған-ды. 2014 жылы елішілік бәсекенің алты дүркін жеңімпазы Біржан Қосалиев І Ашық Азия чемпионатының аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы болды. Сондай-ақ, Біржан Қосалиев Қырғызстанда өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойындарында да бас жүлдені иеленген. Ал, 2016 жылы Қытай елінде өткен, оннан астам мемлекет балуандары қатысқан ІІ Ашық Азия чемпионатының ауыр салмақтағы және абсолютті салмақтағы жеңімпазы Сырым Ізбасаров болды. Сырым Ізбасаров елішілік чемпионаттың ауыр салмақтағы тоғыз дүркін чемпионы. Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров Қазақстанның аударыспақ құрама командасында ауыр салмақтағы нөмірі бірінші спортшылар. Бұлардың қатарында 80 келі салмақта жастар арасындағы ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Рахматілла Есімхан бар. Есімхан балуан 2016 жылы ересектер арасында өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің абсолютті салмақтағы жеңімпазы, 80 келі салмақта 2017 жылы ересектер арасында ҚР чемпионы атанған. Азия құрылығында қарсылас шақ келтірмей, көп жыл бойы кілең жеңіс тұғырына табан тіреумен келген құрыш білекті, түкті жүректі осы аударыспақшыларымызға І Халықаралық ашық турнирде ел үмітін ақтайды деген сенім білдірілуде. І Халықаралық ашық турнир бәсекесінде балуандар 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақтарда бақ сынайды. Жарыстың соңғы күні абсолютті салмақтың алтын белдігі сарапқа салынады. Анықтама үшін: Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорт түрі. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар қатыстырылады. Қазіргі тәртіп бойынша жарысқа жасы 18-ге толғандар ғана қатысады. Спортшылар үш салмақ категориясында өнер көрсетеді.