Главная > Новости > Оралда шорт-тректен ел чемпионаты басталды
Оралда шорт-тректен ел чемпионаты басталды
Бүгін жабық мұз айдыны спорт сарайында шорт-тректен балалар мен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты басталды. Оған Астана, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысуда. ҚР шорт-трек бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Сафия Телеубаеваның айтуынша, бұл айтулы жарысқа 9-17 жас аралығындағылар қатысып, бақ сынауда. Олардың санының 192-ге жетуі ел біріншілігі үшін рекордтық көрсеткіш деп айтуға болады. Біріншілік 30 қыркүйек күні мәреге жетеді. Чемпионаттың Оралда өтуі тегін емес. Өйткені мұнда жабық мұз айдыны спорт сарайы ашылған. 2002 жылдан бері шорт-трек спорты өте қарқынды дамып келеді. Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Анита Нагай сынды дүниежүзілік додаларда жеңімпаз-жүлдегер атанып үлгерген шеберлердің арқасында шорт-трек қысқы спорт түрлерінен елімізде алдыңғы орынға шықты. Алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарында осы шорт-трек шеберлеріне үлкен үміт артылып отыр. Қазіргі кезде ұлттық құрама жігіттері Голландия, Анита Нагай Корея құрамасымен бірге жаттығуда.