23.04.2024 | 14:49

Қазақстан дзюдодан Азия чемпионатын 4 қола медальмен аяқтады

Бүгін Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан XXXII Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Шешуші жарыс күні Ұлттық құрама аралас командалық сайыста қола медаль жеңіп алды. Жүлде жолында Түркменстанмен болған текетірес 4-2 есебімен аяқталды.

Татамиге алғаш шыққан Екатерина Токарева, сосын аса ауыр салмақтағы Камила Берліқаш пен Ерасыл Қажыбаев бәсекелесінің жауырынын жерге тигізді. Осы екі ортада Асқар Арапов пен Бақыт Құсақбаевадан түркменстандық дзюдошы айласын асырып кетті. Шешуші белдесуде 2022 жылғы Азия чемпионы Данияр Шамшаев командамызға жеңіс сыйлады.

Аралас командалық сайыста Жапония финалда Моңғолиядан басым түссе, екінші қола жүлде Өзбекстанның еншісінде. Түркменстанмен бірге Оңтүстік Корея жүлдеге бір табан жетпей тоқтады.

Айта кетейік, осыған дейін жекелей сында Ғалия Тынбаева (-48 кг), Жанарыс Рахметқали (-66 кг), Эсмигуль Куюлова (-63 кг) өз салмағында үшінші орыннан көрінген.

«Бүгінгі сайысқа команда медаль аламыз деп шықты. Бәріміз әр қарсыласпен күрескенде барымызды салдық. Қазір рейтингте ұпай жинау маңызды. Чемпионатты осылай жақсы көңіл күйде аяқтап жатқанымызға қуаныштымын»,-деді Камила Берліқаш Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы Олимпиада рейтингінде 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған 2 дзюдошыға 350 балл қосылды. Қола жүлде жолында жеңілген тағы 2 спортшы 250 ұпайға қол жеткізді.

«Жекелей сындағы нәтиже өзім ойлағандай болмады. Жеребе сәтсіз болды деп ақталғым келмейді. Мұнда келген соң қарсылас таңдап жатпаймыз. Бүгін команданың медаль алуына көмектескенім үшін қуанып тұрмын. Енді алдағы ірі жарыстарда барымды көрсеткім келеді»,-деді Данияр Шамшаев.

Биыл барлығы сары құрлық додасына 34 елдің 262 таңдаулы татами шебері жиналды.

Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес