Мырзағали Айтжанов / Бокс

Жетістіктері:

  • 2013 және 2014 жылдың

    қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік бапкері.

  • 2009-2018 жылдары

    Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған кезде боксшыларымыз әлемдік жарыстарда 70 жүлде жеңіп алды.

Мырзағали Айтжанов 1970 жылы 13 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданы, Қарабастау ауылында дүниеге келген. Ол – 60 жылдық қазақ боксы тарихында жүлдеден рекорд орнатқан бапкер.

Оның жетекшілігімен 2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы додада боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеп, дүниежүзі бойынша жалпы есепте 1-орынды жеңіп алды. Дәл осы жылы Ұлттық құрама Иорданиядағы Азия чемпионатында 7 алтын медальға қол жеткізді. Бұл – қазақ құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекорды.

Ал 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Мырзағали Айтжановтың 6 шәкірті әнұранымызды шырқатты. Жалпы Айтжанов тұсында боксшыларымыз әлемдік жарыстардан 70 медаль жеңіп алған. Азия чемпионаттарында 15, Азия ойындарында 8, әлем чемпионаттарында 5, Олимпия ойындарында 2 чемпион шығарды.