Басты бет > Жаңалықтар
Конья қаласында (Түркия) өтетін V Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан делегациясын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті
09.08.2022

Бүгін Алматы қаласындағы Алматы - Арена спорт кешенінде 9-18 тамыз аралығында Конья қаласында (Түркия) өтетін V Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан делегациясын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысып, ел құрамасына алдағы V Ислам ынтымақтастық ойындарында жеңіс тіледі.

“Бұл сапардың алдында жаттығулар, жарыстар, үлкен дайындық болды. Сіздер қазірдің өзінде рухтың күші мен жеңіске деген ерік-жігерді көрсетіп жүрсіздер. Көптеген жанкүйерлерді қуантып, көк туымызды өзге ел төрінде желбіретесіздер деп сенеміз. Сәттілік!",- деді Самат Ерғалиев.

Байрақты бәсекеде 54 елден 3500 спортшы жазғы спорттың 23 түрінен бақ сынайды.

Қазақстан құрама командасының сапында 125 спортшы мен 35 жаттықтырушы және 7 төреші ел намысын қорғауда. Спортшылар 16 спорт түрі бойынша сынға түседі.

Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстанның Туын көтеру құрметіне семсерлесуден 23 жасқа дейінгі Азия чемпионы – Ерлік Сертай ие болды.

“V Ислам ынтымақтастық ойындарында ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан мен еліміздің спорт қоғамына алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. ҚР құрама командасының мүшесі ретінде мемлекеттiң көрсеткен ерекше сенiмiн бағалай отырып, спорт аренасында бiздiң Отанымыздың намысын лайықты қорғау үшiн спорттық шеберлiгiмдi үнемi жетiлдiруге ант етемін” - деді Ерлік Сертай.



Естеріңізге салсақ, осыған дейін отандық спортшылар екі Ислам ынтымақтастық ойындарына қатысқан болатын.

2017 жылғы ІV Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан құрамасы қатарында 7 спорт түрінен 35 спортшы өнер көрсетіп, нәтижесінде 2 алтын, 5 күміс, 12 қоламен жалпыкомандалық есепте 14 орынға табан тіреген болатын.