XIX қысқы Сурдлимпиадалық ойындарына ел құрамасын шығарып салу салтанатты шарасы өтті

06/12/2019

6- желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа велотрегінде XIX қысқы Сурдлимпиадалық ойындарына ел құрамасын шығарып салу салтанатты шарасы өтті.

Шараға Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев , «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры Самат Ерғалиев және спортшылар қатысты.

Серік Сәпиев  сурдлимпиадалық ойындардың маңызды дода екендігін атап өтіп, байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын ұлттық құрамағы сәттілік тіледі:

«Сурдлимпиадалық ойындар ел спорты үшін маңызды бәсеке десек, қателеспейміз. Сіздер еңбектендіңіздер, дайындық жұмыстарында көп тер төктіңіздер. Негізгі жұмыстар жасалды. Енді тек соны көрсету қалды.

Сіздер Әлемдік аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғайсыздар. Бұл үлкен абырой және жауапкершілік жүктейді» - деді өз сөзінде.

Сондай-ақ Серік Жұманғалиұлы Сурдлимпиадалық ойындарға қатысатын Ұлттық құраманың капитаны Азамат Ержанға мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады.

Сурдлимпиадалық ойындар 12-21 желтоқсан аралығында Италияның Вальтеллина және Валькиавенна қалаларында өтеді. XIX қысқы Сурдлимпиадалық ойындар бағдарламасында шайбалы хоккей, сноуборд, шаңғымен жүгіру, тау шаңғысы, керлинг және шахмат бар. Қазақстан құрамасы шайбалы хоккей, шаңғымен жүгіру, сноуборд және шахмат секілді төрт спорт түрінде бақ сынайды.

Байрақты бәсекеде  ел намысын 39 спортшы қорғайды.

Естеріңізге сала кетсек, XVIII қысқы Сурдлимпиада ойындары 2015 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен. Қазақстан құрамында 28 спортшы  спорттың екі түрі , шайбалы хоккей және шаңғымен жүгіруде сынға түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер