Қазақстандық шахматшылар сурдлимпиада ойындарында алтын жүлде жеңіп алды

20/12/2019

Италияның Валкьявенна қаласында өткен XIX Сурдлимпиада ойындарында шахматтан ерлер құрамасы топ жарды. Отандастарымыз 15 елдің спортшылары қатысқан шахматтан командалық  ойында он кездесу өткізді. Моңғолия, Хорватия, Болгария, Италия елінің спортшыларын айқын басымдылықпен ұтқан шахматшыларымыз, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан құрамасымен тең ойын көрсетті. Қорытынды ойында Беларусь шахматшыларымен кездескен біздің спортшылар 2:2 есебімен тең түсті.

Қазақстан құрамасы сапында Самажан Кеттебеков, Виктор Максименко, Амангелді Наурызғалиев, Берік Нұрымов, Дмитрий Мочалский  сынды шахматшылар ел намасын қорғады. Команда капитаны-Максим Рожков.

Ал, әйелдер арасында 6 команда сынға түсті. Қазақстандық шахматшы қыздарымыз тоғыз кездесу өткізіп, Сурдлимпиада ойындарында шахматтан 5 орынға тұрақтады.

Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы сурдлимпиада ойындары 12-21 желтоқсан аралығында Италияның Валтеллина және Валкьявенна қалаларында өтті.   34 мемлекеттен 506 дан аса спортшы қатысқан байрақты бәсекеде спортшылар шайбалы хоккей, сноуборд, шаңғымен жарыста бақ сынады.

21 желтоқсан  сағат 15:00 де Алматы қаласындағы Халықаралық әуежайда спортшыларды күтіп алу шарасы өтеді.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер