Ұлттық спорт түрлерінен Жастар арасындағы ҚР Чемпионаты басталды

31/10/2020

Бүгін Шымкент қаласында 1999-2002 жылғы туған жастар арасындағы Көкпардан - XIV, аударыспақтан-XIV, теңге ілуден-XIV, жамбы атудан-VI ҚР чемпионаты басталды.

Жарыстың ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті "Спортты дамыту дирекциясы" директоры Нұртаев Әлібек Нұрбайұлы сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде Әлібек Нұрбайұлы бүгінгі күні елімізде спортқа көп назар бөлінгендігін, соның ішінде атадан балаға мирас болып келген ұлттық спортқа баса назар аударылғандығын тілге тиек етті. "Ел болам десең бесігіңді түзе дейді" бабаларымыз. Ә. Нұрбайұлы осы сөзді негізге ала отырып, ел болашағы жастардың қолында екендігін, жас спортшылардың, бүгін халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген ағаларының ертеңгі ізбасарлары, келешекте ұлтымыздың мақтаныштарына айналатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, Жарыстың Ашылу салтанатында Түркістан облысы спорт басқарамасы бастығының орынбасары Д.Исабаев пен Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті, Көкпар федерациясының президенті Мұхтар Имашев сөз сөйледі.

Жарысты өткізудің басты мақсаты ҚР жастар құрама командасын жасақтау, алдағы болатын халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар тізімін бекіту. Сондай-қа, бабалар аманаттаған ұлттық спортты халық арасында кеңінен насихаттау мен бұқаралық спортты дамыту. Елімізде спорттың осы түріне қызығушылықты арттыру.

Соңғы жаңалықтар
Сілтемелер