04.09.2023 | 16:45

Біздің волейболшылар Үндістан құрамасын жеңді

Таиландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан әйелдер арасындағы ХХІІ Азия чемпионатының өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін F тобындағы іріктеу ойынында Қазақстан құрамасы үндістандықтарды сенімді ұттты. Есеп 25-17, 25-17, 25-21. Кеше Ұлттық құрама қазіргі құрлық жеңімпазы Жапонияға жол берген. Осылайша, отандастарымыз бұл топта 3-орынға тұрақтады. Жеңімпаз бен жүлдегерлер 6 қыркүйекте анықталады.

Таиландтағы чемпионатта 20 жастағы талдықорғандық Юлия Якимова құрама сапындағы тұсаукесер матчын өткізіп, жақсы ойын өрнегімен бапкерлер сенімін ақтап үлгерді.

«Ұлттық құрама сапына алғаш рет шақырту алдым. Гонконгпен болған кездесуде бірінші мәрте алаңға шықтым. Осындай халықаралық жарысқа қатысып, ойнау – мен үшін үлкен зор тәжірибе. Мұнда волейболдың деңгейі мүлде басқа екенін сездім, барынша жылдам ойнайды. Чемпионаттың деңгейі қатты ұнады»,-деп айтты «Жетісу» волейбол клубының тосқауыл қоюшысы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Биылғы чемпионатқа құрлықтағы 14 ел өз құрамасын жіберді. Осыған дейін 2019 жылы өткен додада Жапония волейболшылары топ жарған. Алдағы күндері үздік шыққан 3 құрамаға Азия атынан 2025 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жолдама беріледі.

Суреттер Азия волейбол қауымдастығынан алынды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес