24.05.2023 | 20:27
Бөлісу:
Дзюдодан Ұлттық құрама есеп берді
Бүгін Спортты дамыту дирекциясында Қатар астанасы Дохада өткен дзюдодан əлем чемпионаты қорытындыланды. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, оның орынбасары Айгүл Бектенова, Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов пен директордың орынбасары Азамат Имашевқа ерлер мен əйелдер құрамасының бас бапкері - Нұрбол Сүлейменов, Ерлан Алпысбаев жəне Қазақстан дзюдо федерациясының Атқарушы хатшысы Асхат Жіткеев есеп берді.
Қорытынды есеп кезінде функционерлер мен жаттықтырушылар дзюдошылардың көрсеткішін жан-жақты талдағанын жеткізді. Олардың айтуынша, команда жарысты жүлдесіз аяқтағанына қарамастан, спортшылардың жекелеген көрсеткіштері жақсарған. Бұл жалпы жекпе-жектер санына қатысты. Əсіресе, бұл прогресс ауыр салмақтағы спортшыларда байқалады. Есеп барысында жылдар бойы шешілмеген мәселелер назардан тыс қалмады. Мысалы, қазір медицина мамандарының жетпейтіні қатты байқалады. Білікті дәрігерлер, фармакологтар және басқа мамандар жетіспейді. Бұл спортшылардың көбінесе жекпе-жектер арасында күш-қуатын қалпына келтіруіне мүмкіндік бермей келеді.
«Мен бапкерлер мен спортшылардың қалай жұмыс істейтінін көру үшін Қатарға арнайы барғанда біраз нəрсені көкейге түйдім. Бізге осы спорт түрінен мықты командалармен мүмкіндігінше көп оқу-жаттығу жиынын өткізу қажет. Медициналық қолдау мәселесінде басқа спорт түрлеріндегі əріптестермен тəжірибе алмасуға болады. Сондай-ақ резервке көп көңіл бөлу керек», - деді Ербол Мырзабосынов.
Өз әдістемесі бойынша құраманы жаттықтыратын Франциядан келген кеңесшілерге келетін болсақ, оларға спортшыларды жаңа жаттығу процесіне бейімдеу үшін әлі де уақыт қажет. Негізгі міндет - Париждегі жазғы олимпия ойындарына дзюдошыларды жақсылап дайындау.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатында жүлдесіз қалды. Әйелдер арасында үздік нәтижені Əбиба Абужақынова (5-орын) көрсетсе, ерлер арасында Нұрқанат Серікбаев пен Абылайхан Жұбаназар 7-сатыдан көрінген. Осыған дейін Қазақстан 2014 жылғы әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтқан.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЕЛДОС СМЕТОВ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ РЕТІНДЕ АЛТЫН ЖАПСЫРМА АЛДЫ
АҚТӨБЕДЕ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ