16.06.2023 | 18:33

Дзюдошы Мағжан Шамшадин – Qazaqstan Barysy Grand Slam бəсекесінің жеңімпазы

Бүгін, 16 маусымда Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam бəсекесі басталды. Жарыстың алғашқы күні татамиге шыққан отандасымыз Мағжан Шамшадин (60 кг) чемпион атанды. Ол финалда франциялық Седрик Револьмен кездесіп, голден-скорда алып жықты. Екі палуан татамиде 13 жарым минут күресті.

Күндізгі сессияда Мағжан Шамшадин алғашқы кездесуінде Әзірбайжан спортшысы Назир Талибовты ұтты. Келесі белдесуінде Бахром Ботуровты (Өзбекстан) таза жеңіп, сосын жартылай финалда Мерзод Суфиевтен (Тәжікстан) айласын асырды. 

«Керемет сезімдемін, өз елімізде өтіп жатқан байрақты жарыстың бірінші күнінде бірден алтынға қол жеткізу – маңдайыма жазылған бақыт шығар. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Голден скор сегіз минутқа созылса да, шаршағаным сезілмейді. Қарсыласыммен бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп, әбден намысқа салып күрестік. Өз елімізде өтетін жарысқа психологиялық тұрғыда жақсы дайын болдым. Мені қолдаған барша қазақ еліне алғысым шексіз»,-деді Мағжан Шамшадин марапаттау рәсімінен кейін.

Бұл салмақта қола медальді Достон Рузиев (Өзбекстан) мен Торнике Чакадуа (Нидерланд) жеңіп алды. 

Айта кетейік, алғашқы күні татамиге 48, 52, 57 келіге дейінгі салмақта әйелдер және 60 келі, 66 келіге дейінгі салмақта ерлер бақ сынады. Бұл жарысқа барлығы 42 елдің 334 спортшысы жиналды. Әлемдік дода Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде 16-18 маусым аралығында өтеді. Жарысты тікелей эфирде Qazsport және Judotv.com онлайн-платформалары көрсетеді. Астанадағы доданың нәтижесінде IJF ережесіне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлерге əлем және Олимпиада рейтингінде ұпай қосылады. Атап айтсақ, 1-орын үшін 1000, 2-орын үшін – 700, ал 3-орын үшін – 500 ұпай.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес