26.03.2023 | 21:37

Еуро-2024: Ұлттық құрама Данияны жеңді

Футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Н тобындағы 2-турда өз алаңында Дания құрамасын жеңді. «Астана Арена» стадионындағы матч 3-2 есебімен аяқталды.

Осы топтағы фаворит саналатын Дания алғашқы минуттардан бастап жиі-жиі шабуылдады. Нәтижесінде алғашқы турда Финляндия қақпасына хет-трик жасаған Расмус Хойлунд 21-минутта Игорь Шацкийден допты асыра тастап, есеп ашты. Көп ұзамай біздің айып алаңымыздағы қарбаласты пайдаланып, Расмус Хойлунд дубль жасады.

Екінші таймда шабуылға иек артқан Магомед Адиев баптайтын футболшылар дегеніне жетті. Ойынға тыңнан қосылған Бақтияр Зайнутдинов 73-минутта пенальтиді сәтті орындады. Бұл Бақтиярдың Ұлттық құрама жейдесіндегі 28-ойыны мен 11-голы. Қазір 24 жастағы жартылай қорғаушы сұрмергендер тізімінде 3-орында келе жатыр. Қазақстан құрамасы үшін Руслан Балтиев (13 гол) пен Виктор Зубарев (12 гол) ең көп гол салған футболшылар.

Ал 86-минутта Бауыржан Исламханнан пас алған Асхат Тағыберген қақырата теуіп, тәжірибелі Каспер Шмейхель қақпасынан саңылау тапты. Бұл 32 жастағы ойыншының Қазақстан құрамасы сапындағы тұсакесер голы. Бұл үшін Асхатқа 43 матч қажет болды.

«Дат динамиттерінің» абдырап қалғанын сезген отандастарымыз 89-минутта тағы гол салып, қарсылас бас бапкері Каспер Юльманн жоспарының күлін көкке ұшырды. Ян Вороговский әуелете берген пасты Абат Айымбетов баспен ұрып, Қазақстан құрамасына 3 ұпай сыйлады. Бүгін Абат Ұлттық құрама үшін 28-рет алаңға шықты. Ол 4 жылдың ішінде 7 мәрте мергендік танытып үлгерді.

Өкінішке қарай, Абат төреші қосқан уақытта 2-рет сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Ол – Дания құрамасымен болған ойындарда қызыл қағаз алған 2-қазақстандық футболшы. Осыған дейін 2017 жылғы ойында Бауыржан Исламханға 1-тайм түгесілер тұста қызыл қағаз көрсетілген.

Бұл Қазақстан мен Дания құрамасы арасындағы 5-кездесу. Осыған дейін барлық матч әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде өтіп, бәрі даниялықтардың пайдасына аяқталған еді.

Енді Қазақстан Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі келесі ойында 16 маусымда түзде Сан-Мариномен кездеседі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес