08.05.2023 | 17:59

Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатында тағы Ан Ба Улға жол берді

Отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) Қатар астанасында өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының 3-айналымында 2 дүркін Олимпиада жүлдегері, оңтүстік кореялық Ан Ба Улдан негізгі уақытта ескерту саны бойынша жеңіліп қалды.

Былтыр Ташкенттегі әлем чемпионатында да Ғұсман 2-айналымда осы Ан Ба Улға голден-скорда есе жіберген.

«Әлем біріншілігіне жақсы дайындықпен, бабымда келдім. Екінші айналымда Израильдің мықты балуанын жеңдім. Үшінші кездесуге келер болсақ, қарсыласыма «шидо» бойынша ұтылдым. Бірақ, ескертулерді не үшін бергенін түсінбедім», - деді Ғұсман Қырғызбаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ғұсман бүгін Доха татамиінде әуелі 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі (60 кг) Панамерика чемпионатының 7 дүркін жүлдегері, Перу өкілі Хуан Постигостан айласын асырған. Сосын, әлем рейтингінде 3-орында келе жатқан израильдік Барух Шмаиловты қосымша уақытта ұтты.

Отандасымыз 2021 жылғы Будапештегі әлем чемпионатына 60 кг дейінгі салмақта барып, күміс медальге ие болған.

Айта кетейік, Қатардағы әлем чемпионатының жеңімпазына рейтингте бірден 2 мың ұпай қосылса, күміс жүлдегер 1400, ал қос қола алған татами шебері 1000 ұпайға қол жеткізеді. Бұл ұпайлар Париж Олимпиадасына іріктеу кезінде есепке алынады. Жалпы Дохадағы бәсекеге 99 елден 657 дзюдошы жиналды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес