30.01.2023 | 12:13

Каратэшілер Каирдегі Премьер-лигада 4 медальге қол жеткізді

Бүгін Мысыр астанасы Каирде WKF каратэден 1-Premier League-ның биылғы алғашқы бәсекесі аяқталды. Мұнда әлем рейтингінде әр салмақтың үздік 30 спортшы ғана бақ сынады. Барлығы 61 елден 434 татами шебері жиналды. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының 19 каратэшісі бар.

Екі күнге созылған турнирде Ұлттық құрама спортшылары 4 жүлдеге қол жеткізді.

Кумите бағдарламасында 60 кг дейінгі салмақта сынға түскен Қайсар Алпысбай финалда жарыс қожайыны, мысырлық Мұхамед Габерді 3-1 есебімен ұтып, чемпион атанды. Осыған дейін Премьер-лиганың 2 дүркін жеңімпазы атанған Қайсар кеше жартылай финалда әзірбайжандық Аминага Гулиевті 6-2 жеңген.

Ал әйелдер арасындағы кумитенің +68 кг салмағында бас жүлдені Токио Олимпиадасының қатысушысы отандасымыз Софья Берульцева мен жапон Аюми Уэкуса сарапқа салды. Тартысты өткен жекпе-жектің соңында Аюми жеңісті жұлып әкетті. Есеп: 7-1. Айта кетейік, кеше Софья жартылай финалда әлем чемпионы испан Мария Торресті 6-1 есебімен тізе бүктірген еді.

Сондай-ақ кеше Дидар Әмірәлі (-67 кг) мен Бейбарыс Жаңбыр (-75 кг) қола жүлдеге ие болған. Каирдегі татами бәсекесін мына жерден толық көре аласыздар. 

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес