01.03.2024 | 16:07
Бөлісу:
Конькимен жүгіруден әлем чемпионатына баратын Ұлттық құрама анықталды
7-10 наурыз аралығында Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден спринт пен көпсайыстан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биылғы бәсекеде ел намысын Ақжол Нұралы, Алтай Жәрдембекұлы, Екатерина Айдова, Алина Дауранова, әпкелі-сіңлілі Инесса және Кристина Шумековалар қорғайды. Олар келесі қашықтықта сынға түседі:
Ақжол Нұралы – (көпсайыс) 1-күні 500-3000 м, 2-күні 1500-5000 метр.
Алтай Жәрдембекұлы – (спринт) екі күнде 500-1000 метр.
Екатерина Айдова – (көпсайыс) 1-күні 500-1500 метр, 2-күні 1000-3000 метр.
Алина Дауранова – (спринт) екі күнде де 500-1000 метр.
Инесса және Кристина – (спринт) екі күнде де 500-1000 метр.
«Тәжірибелі Екатерина Айдовадан басқа спортшыларымыз үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты болады. Алина Дауранова былтырдан бері 1000 метрге жарыста тұрақты нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп келеді. А тобында осы қарқынынан таймай, уақыт көрсеткішін жақсарта түседі деп ойлаймын»,-деді конькимен жүгіруден Мемлекеттік жаттықтырушы және Ұлттық конькишілер федерациясының вице-президенті Кенжеш Сәрсекенова.
Осыдан кейін Кенжеш Сәрсекенова Ұлттық құрамадағы өзге тәжірибелі спортшылар – Надежда Морозова мен Дмитрий Морозовтың Инцелльдегі чемпионатқа неге бармайтынын айтты.
«Надежда мен Дмитрий – біраздан бері Ұлттық құрамада жүрген спортшылар. Өкінішке қарай, Надежда бұл жолы жарақатына байланысты сынға түсе алмайды. Ал Дмитрийдің орнына бапкерлер қосыны жастар арасында тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан Нұралы Ақжолды жіберуді жөн санады»,-деді ол.
Ұлттық құраманың бас бапкері – Александр Панфилов.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: