27.10.2024 | 04:11

ОЛЖАС БЕСПАЕВ: «ШОРТ-ТРЕКТЕ ДЕ QAZAQ STYLE БАР. ӘЛЕМ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ»

Шорт-тректен 2024-2025 жылғы халықаралық маусым басталды. Алда біздің жанкүйерлер көз тігетін Әлем Кубогы (World Tour), қысқы Азия ойындары, дүниежүзілік Универсиада, 4 құрлық бәсекесі, әлем чемпионаты сынды жарыстар келе жатыр. Қазір Ұлттық құраманың даярлығы қалай? Бапкерлер құрамында қандай өзгеріс бар? Қытайдағы Азия ойындарында кімдер бақ сынайды? Шорт-трекшілерді қандай мәселе алаңдатады?

Осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі Қазақстан конькишілер одағының Атқарушы директоры Олжас Беспаевтан сұхбат алды.

Қайырлы күн, Олжас. Қысқы маусым Монреальдағы Әлем Кубогымен басталды. Команданы жасақтау жөнінде не айтасыз?

«Ұлттық құрама жуырда Астанадағы ел чемпионатының нәтижесінде жасақталды. Іріктеу барынша ашық, әділ өтті. Ол жарыста үлкен сенсация болды деп айта алмаймын. Тәжірибелі шорт-трекшілеріміз шеберлігін тағы бір паш етті. Былтырғы маусымда Қазақстан чемпионатына белгілі себеппен қатыспаған Абзал Әжғалиев іріктеуден сәтті өтті. Абзалдың неге байланысты үзіліс алғанын осыған дейін сіздерге айтқанмын. Бұл үзілістің оған пайдасы көп болмаса, зияны болған жоқ».

-Жаңа жылдан кейін маңызды жарыстың бірі Азиада. Қазір сары құрлықта бәсекелестік өте жоғары. Оңтүстік Корея, Қытайды айтпағанда Жапонияның өзі деңгейін арттырып алды. Біздің шорт-трекшілер де Әлем Кубогында тұрақты медаль алып, қуантып жүр. Азия ойындарына жоспар қандай?

«Харбиндегі Азиада біз үшін маусымдағы ең маңызды жарыс. Күштің басым бөлігін соған саламыз. Бізде 500 метрге жарыста ерлер арасында 3 квота бар. Мұнда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев сынға түседі. Ал үшінші кім болатынын бапкерлер қосыны Әлем Кубогының 2 кезеңінен кейін бізге айтады. Харбинге баратын құрамды сол кезде толық анықтаймыз. Шыны керек, 2017 жылғы Саппородағы Азия ойындарынан кейін ортада ұзақ үзіліс болды. Ол кезде тек эстафетада қола алғанбыз. Осы жолы сол кездегі қателерді қайталмаймыз».

Денис Никиша Астана қаласындағы Қазақстан чемпионатында.

-Медаль саны бойынша жоспар...

«Шорт-тректе, жалпы кәсіби спортта болжам жасау - өте қиын. Жасыратыны жоқ, біз Саппородағы нәтижені әлдеқайда сан және сапа жағынан жақсартқымыз келеді. Оған шамамыз жетеді. Бағана айтқан 500 метрге жарыста ерлер арасында Азия ойындарына Олимпиадада чемпион атанған және жүлде алған 11 шорт-трекші келмек. Сөреден мәреге дейін тартыс болатыны анық. Кесіп бір нәрсе айта алмаймын. Бәрі мүмкін. «Тосын сый» міндетті түрде болады. Аустралияның қысқы Олимпиадада шорт-тректен қалай алтын алғанын көрген шығарсыздар?!».

-Тағы бір атап өтерлігі, ол әйелдер құрамасының көрсеткіші. Алдыңғы Саппородағы ойындармен салыстырғанда, қазір деңгейі жоғары деп айта аласыз ба?

«Әрине, дұрыс айтасыз. Қазір резервіміз жақсы. Алина Ажғалиева жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының медаль алды. Жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегері Полина Омельчук бар. Тағы Зейнеп Құмархан, Малика Ермек секілді мықты спортшылар қалыптасып келе жатыр. Алайда олар қазір Азия ойындарының және басқа ірі жарыстардың алтынына таласа алмайды. Әлі ерте. Көп тәжірибе жинауы керек. Азиадада Оңтүстік Корея мен Қытайдың әйелдер құрамасымен таласу – қиын шаруа. Шорт-тректен бөлек, конькимен жүгіруде де тура осындай. Деңгейі жағынан Азиада әлем чемпионатынан асып түспесе, кем емес. Мысалы, кәріс спортшылары құрлық Олимпиадасында жүлде алса, әскерге бармайды. Ал Қытайда қомақты сыйақы береді».

-Былтырғы маусым біздің команда, расында, табысты өтті. Әлем Кубогтарын, 4 құрлық бәсекесін былай қойғанда, алғаш рет әлем чемпионатында медаль бұйырды. Биыл сосын алдағы жылдары осы жоғарғы қарқынды ұстап тұра аламыз ба? Қалай ойлайсыз?

«Қазір әлемдік деңгейде біздің танылған өз стиліміз бар. Мәдіғали Қарсыбеков ағамыз 20 жылдай тынбай жұмыс істеп, алпауыт командалар санасатын маманға айналды. Бұл спортта да Qazaq Style бар. Жыл сайын маусымның басында бізге бірқатары елдің спортшылары «бірге жаттығу жиынын өткізейік»,-деп жазады. Атап айтқанда, Жаңа Зеландия, Польшадан келіп тұрады. Кезінде Польша командасының көшбасшысы Наталия Малишевскамен сөйлескенде неге Қазақстанды таңдағанын сұрағам. Сонда біздің сырғанау стиліміз ұнайтынын, бұрылыс кезіндегі отырысымыз төмен әрі агрессивті, физикалық әлеует жағынан мығым болғаны үшін таңдағанын айтқан. Бұған қоса біздің менталитет бар. Біздің спортшылар, мақтағаным емес, қарапайым. Тез тіл табыса кетеді. Қарым қатынаста еш қиындық жоқ. Наталия үшін бізбен жұмыс істеген маусым сәтті болды».

Мәдіғали Қарсыбеков.

-Биыл Ұлттық құрамаға Нидерланд елінен кеңесші маман алдыңыздар. Ол кісі туралы тарқатып айтып бересіз бе? Осыған дейін кіммен, қандай құрамаларда жұмыс істеген?

«Иә, биыл қатарымызға бас бапкерге кеңесші етіп Вильма Бумстраны қостық. Оған Мәдіғали ағай арқылы байланысқа шықтық. Себебі ол кісіні барлық шетелдік мамандар жақсы таниды. Негізі Вильманы 4-5 жыл бұрын, бір жыл бұрын да қарастырғанбыз. Былтыр жас маман деп Нұрберген Жұмағазиевке басымдық бердік. Сөйтіп, тәжірибелі бапкермен бірге жұмыс істеудің орайы биыл ғана келді. Ол осыған дейін АҚШ және өз елінің құрамаларын, сондай-ақ жекелеген спортшылды жаттықтырған. Жаман емес, Вильма келе сала Роттердамдағы әлем чемпионатында тарихи нәтижеге үлес қосты дей аламын. Жалпы Нидерланд – коньки спортының отаны. Ол ұзақ жыл АҚШ-та жұмыс істеген. Маңыздысы, Вильма кез келген спортшымен жақсы қарым-қатынас орната біледі. Өзіңіз білесіз, бізде 2-3 Олимпиадаға қатысқан жігіттер де, Ұлттық құрамаға енді келген жастар да бар. Шорт-трек жекелеген спорт түрі. Мұнда әрқайсымен бөлек сөйлесу керек».

-Вильмамен келісім-шарт қанша уақытқа жасалды. Оның жұмысына нақты қандай міндеттер кіреді?

«Әзірге келісім-шарт бір Олимпиада айналымына жарамды. Миландағы қысқы ойындардың нәтижесіне қарап, тағы нақты шешім қабылдаймыз. Осы аралықтағы тағы бір мақсатымыз – елдегі бапкерлердің шеберлігін арттыру. Вильма өңірлердегі мамандармен жақсы араласады. Біз үшінші жыл жас спортшыларды ересек командаларға тартып жүрміз. Ал Италиядағы Олимпия ойындарынан соң біздің федерация шет елдерден келген мамандарға жасөспірім құрамасының даярлығын тапсыруды жоспарлап отыр».

Вильма Бумстра.

-Олжас, шорт-трек заманауи, әрі тез дамып келе жатқан спорт түрі екенін айттыңыз. Командадағы көп көре бермейтін маманның бірі – сервисмендер. Біздің құрамаларда осы жағы қалай?

«Әлбетте, мықты сервисмен – жақсы команданың жартысы дер едім. Бұл мамандар қара жұмыстың бәрін дерлік атқарады. Әр жарыста бірнеше үлкен чемоданмен жүреді. Іші толған коньки қайрайтын құрал. Қазір біздің мамандардың деңгейі әжептеуір өсті. Мысалы, біздің Аслан Даумовты алайық. Халықаралық жарыстар кезінде кей спортшылар келіп, одан коньки қайрау жайлы сұрап жатады. Жалпы мықты сервисмендер тек бізде емес, алдыңғы қатарлы көп командаға жетпейді. Жыл сайын тұрақты түрде өз мамандарымызды даярлауды қолға алып жатырмыз».

Ұлттық құрама сервисмені - Аслан Даумов.

Осыдан 2 жыл бұрын Алматыда шорт-тректен Әлем Кубогының 2 кезеңі қатар өткен. Содан бері елімізге халықаралық жарыс берілмей кетті. Әдетте бір ел бірнеше маусымға қатар енетін еді. Мұның себебі неде?

«Мұның себебі пандемияда. Коронавирус Азияда қатты өршігенін білеміз. Халықаралық конькишілер одағы (ISU) кейінгі 2 маусым Қытай мен Оңтүстік Кореядағы жарысты басқа елдерде өткізді. Кейін жағдай тұрақталды. Осы аралықта біз халықаралық федерациямен келіссіз жүргіздік. Алдағы, 2025-2026 жылғы маусымда елімізде жастар арасындағы Әлем Кубогының кезеңін өткіземіз. Ал 2026-2027 жылғы маусымда жастар арасындағы әлем чемпионатын өткізуге тырысамыз. Бұл жарыстар халықаралық күнтізбеде тұр. Жарысты қабылдайтын, барлық стандартқа сай келетін «Халық-Арена» дайын. Кешенді 2 жыл бұрын ISU-дың мамандары жоғары бағалап кеткен».

-Ал осы жарыстың бірін неге Астанаға қоймадыңыздар?

«Біз үшін Астана қаласы ыңғайлы екені рас. Біздің федерацияның кеңсесі осында. Әуежай, логистика жағынан бәрі қолайлы болғанымен, инфрақұрылым жағы шешілмей тұр. Алау мұз айдыны талапқа сай келмейді. Кешен коньки тебу спортына лайықтап салынған. Шорт-трекке керек ішкі трибунасы жоқ. Ал «Барыс Аренада» «Барыстың» матчтары бар дегендей. Күнтізбесі қатар келіп қалады. Бір жағынан бізде шорт-тректі көруге аренаға 12 мың адам жинау қиын».

-Кейінгі жылдары біздің елде, әсіресе, Бейжің Олимпиадасынан кейін шорт-трек жайлы көп айтылып келеді. Елімізде айналысатын балалар саны қаншалықты көбейді?

«Біздегі өзекті мәселе инфрақұрылымға келіп тіреледі. Өңірлерде, ірі қалаларда біз жаттығатын сапалы мұзайдын өте аз. Мысалы, қазір «Алау» 7 ай күрделі жөндеу үшін жабылды. Бұл біз үшін әжептеуір проблема. Жуырда ел чемпионаты өткен «Сарыарқаның» мұзайдыны жаман емес. Бірақ онда шорт-тректен бөлек хоккей мен мәнерлеп сырғанау тағы бар. Дайындыққа уақыт жетпей қалады. Статистиканы алар болсақ, Астана қаласының өзінде шорт-тректен 125 спортшымыз бар. Егер жақсы кешендер көбейсе, спортшылар саны да еселенеді. Бапкерлермен сөйлескенімде бір жылда Астананың жоғарыдағы көрсеткішін 500-ге дейін жеткізуге болатынын айтып отыр. Қазір даярлайтын мамандар, керек құрал-жабдықтар, конькилеріміз бар. Жетпей тұрғаны жақсы ареналар. Жуырда Түркістан қаласында мұз сарайы ашылғанын білеміз. Қазір ол жерде 200-дей бала айналысып жатыр. Федерация кешенді керек жабдықтармен қамтамасыз етті. Дегенмен мұның өзі инфрақұрылым мәселесін Түркістан облысы бойынша толық шеше алмайды. Себебі, онда тек шорт-трек, конькимен жүгіру ғана емес мәнерлеп сырғанау мен хоккей жаттығады. Айналып келгенде бір-біріне ыңғайланып, уақытын шектеуі керек болады».

Сұхбат бергеніңізге рақмет, Олжас. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес