27.04.2023 | 18:09
Бөлісу:
Ұлттық құраманың барлық гимнасты VI жазғы Спартакиадаға келді
Бүгін Алматы қаласында батуттағы гимнастикадан ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасы басталды. Бұл төрт жылда бір келетін бәсеке 9 өңірден келген 120-ға тарта атлеттің басын қосты. Ең көп гимнаст Шымкент қаласынан келгенін айта кету керек (32 спортшы). Енді олар 1 мамырға дейін жекелей, жұптық және командалық сайыста 3 бағдарламаның үздіктерін анықтайды. Атап айтар болсақ, акробатикалық жолақ, минитрамп пен батут.
VI жазғы Спартакиадаға Қазақстан жасөспірімдер, жастар мен ересектер құрамасының барлық өкілі қатысып жатыр. Бас бапкері Сергей Вертянкин шәкірттері осында өз жаттығуларын жетілдіруге тырысатынын айтты.
«Жазда өтетін Әлем Кубогы кезеңіне баратын Ұлттық құраманың спортшылары бағдарламаларына мінедетті түрде жаңа элементтер қосып, байқап көреді. Мұнда жақсы нәтиже көрсеткен гимнастарды келесі жылғы құрамаға қосамыз. Биыл біз үшін маңызды сын – жазғы Азияда. Қытайға тыңғылықты дайындықпен барамыз»,-деді Ұлттық құраманың бас бапкері.
Бүгін-ертең командалық сайыс өтсе, одан кейін жекелей сындағы жүлдегерлер белгілі болмақ.
Айта кетейік, биыл ақпаннан бері күрес түрлерінен, үстел теннисі, семсерлесу, спорттық гимнастика, велотрек (1-кезеңі) пен гандбол (әйелдер) сынды спорт түрінен VI жазғы Спартакиада өтті. Қазір 6 спорт түрінің нәтижесі бойынша жалпы есепте Алматы қаласы жеке-дара көш бастады. Астана мен Шымкент қаласы үздік үштікті түйіндеп тұр.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: