Басты бет > Жаңалықтар
Бүгін Министр Кубогінің иегері анықталады
23.05.2022

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрі Кубогінің жеңімпазы анықталады. Финалға К.Ахметов (Алматы) пен  Қ.Мұңайтпасұлы атындағы (Нұр-Сұлтан) олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі шықты. Ақтық сын 24 мамыр, сағат 15:00-де басталады.

Ал Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда обл) мен Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернаты (Қарағанды обл) 3-орынды сарапқа салады. Бұл бәсеке 24 мамыр, сағат 11:00-де өтеді.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Кубогі биыл алғаш рет өтіп жатыр. Министр Кубогінің жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. 1-орын алған командаға - 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3 орынға – 2 млн. теңге беріледі.

Бұдан бөлек, төрешілер бокстан – «Үздік техникасы үшін», еркін күрестен – «Жеңіске деген ерік-жігері үшін», дзюдодан – «Үздік әдіс үшін», грек-рим күресінен – «Көрермендердің көзайымы үшін» номинацисында жеңімпазды анықтайды. Марапаттау қарсаңында көрермендер арасында викторина ойнатылып, дұрыс жауабын тапқандарға жүлде беріледі.

Жарыстың ресми ашылуы мен марапаттауына қатысатын құрметті қонақтар: ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сонымен қатар құрметті қонақтар қатарындағы бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов, дзюдодан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, еркін күрестен Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатынң 5 дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Алмат Кебіспаев жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттайды.

Балалар жылы аясында ұйымдастырылып жатқан кешенді бәсеке балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауға бағытталған. Министр Кубогінің бүгінгі қатысушылары – ертеңгі ел спортының болашағы.