Басты бет > Жаңалықтар
Министр Кубогінің алғашқы жеңімпазы анықталды
24.05.2022

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрі Кубогінің иегері анықталды. Финалда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі жеңіске жетті. К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы) 2-орынға ие болды. Үздік үштікті Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда обл) түйіндеді.

Министр Кубогінің алғашқы жеңімпазы 5 млн, теңгеге ие болса, 2-орынға 3 млн, 3-орынға 2 млн, теңге табысталды. Ал төрешілер анықтаған әр спорт түріндегі номинация үздіктері мынадай:

Бокстан «Үздік техникасы үшін» – Расул Асаханов (80кг), Қ.Мұңайтпасұлы атындағы ОРММИК;

Еркін күрестен «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» – Данил Тәуірбаев (71 кг), К.Ахметов атындағы ОРММИК;

Дзюдодан «Үздік әдіс үшін» - Дияс Таңатқан (60 кг), Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернаты;

Грек-рим күресінен «Көрермендердің көзайымы үшін» – Асанәлі Серікбаев (Қ.Мұңайтпасұлы атындағы ОРММИК). Аталған спортшылар 250 мың теңге сыйақы алды.

Жеңімпазға ауыспалы Кубокты ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев табыстады. Ал номинация иегерлерін бокстан 2 дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Болат Жұмаділов, дзюдодан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, еркін күрестен Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Алмат Кебіспаев марапаттады.

Балалар жылы аясында ұйымдастырылып жатқан кешенді бәсеке балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауға бағытталған. Министр Кубогінің бүгінгі қатысушылары – ертеңгі ел спортының болашағы.