Басты бет > Жаңалықтар
Көгалдағы хоккей: Қазақстан құрамасы Азия ойындарына іріктеуді сәтті бастады
07.06.2022

XIX жазғы Азия ойындары кейінге шегерілгенімен спортшылар үшін жаттығу мен іріктеу бір сәтке де тоқтаған емес. Мәселен, осы аптада Индонезия астанасы Джакартада әйелдер арасында көгалдағы хоккейден құрлық бәсекесіне іріктеу турнирі басталды. Енді 14 маусымға дейін Сингапур, Қазақстан, Гонконг (Қытай), Шри-Ланка, Камбоджа, Өзбекстан, Индонезия құрамасы жолдама үшін таласады.

Нұржан Бейбітов баптайтын Қазақстан құрамасы алғашқы матчта алаң иелері Индонезияны ұтты (0:1). Ойынның 7-минутында бұрыштама добынан кейін Балжан Бейсенаби қақпаға соққы жасаған. Жолай Виктория Лобанова имек ағашын қойып қалғаннан кейін доп торда тулады. Осыдан кейін екі құраманың да гол салатын бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда қақпашылар қырағылығымен көзге түсіп, есептің өзгеруіне жол бермеді.

Жеңіс голының авторы Виктория Лобанова (17 жаста) ойынның үздік ойынысы атанды. Енді Қазақстан құрамасы ертең Өзбекстанмен кездеседі.

Айта кетейік, XIX жазғы Азия ойындары биыл 10-25 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өтуге тиіс еді. Алайда Азия Олимпиада кеңесі (OCA) індеттің өршуіне байланысты кешенді бәсекені белгісіз мерзімге шегерді.