Басты бет > Жаңалықтар
Ауыр атлетика: Әлем рекорды! Қос алтын медаль! Қазақстан жалпы есепте көш бастап келеді
15.06.2022

Бүгін Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қос спортшысы жеңіске жетті.

Төртінші жарыс күні алғаш болып сынға түскен Едіге Емберді (73 келіге дейін) жұлқа көтеру сайысында 134 келімен топ бастады. Ізін ала келесі жаттығудың 3-мүмкіндігінде 172 кило зілтемірді ырқына көндіріп, чемпион атанды. Жалпы нәтижесі – 306 кг. Сондай-ақ ол 172 келімен серпе көтеруде жасөспірімдер арасында әлем рекордын тіркеді. Бұл Мексикадағы бәсекеде жаңарған бірінші рекорд. Өзбекстандық Диорбек Ирматов – күміс, канадалық Брайан Ибаньес – қола жүлдегер.

Екінші алтынды 81 келіге дейін салмақта сынға түскен Денис Полубояринов қоржынға салды. Ол екі жаттығуда да құрдастарына дес бермей, жалпы есепте әжептеуір айырмашылықпен топ жарды. Денистің көрсеткіші – 323 кг (143+180). Итальян Якопо Фальсиноттидің еншісінде үш күміс медаль бар 293 кг (132+161). Сонымен қатар жарыс қожайыны Иханн Баррера да 3 қоланы қанағат тұтты. Нәтижесі 280 кг (119+161).

Осы кеште тағы бір қазақстандық күш сынасқанымен, тұғыр биігіне көтеріле алмады. Алина Колиушко (59 келіге дейін) өз салмағында 7-сатыға тұрақтады. Ол екі жаттығу қорытындысында 174 келіні (78+96) көтерді.

Қазір Қазақстан құрамасы 9 алтын, 1 күміс және 6 қола медальмен жалпы есепте жекедара көш бастап тұр.

Колумбия құрамасы – екінші (4 алтын, 2 күміс, 3 қола)

Эквадор – үшінші (4 алтын, 1 қола)

Түркия – төртінші (3 алтын, 6 күміс, 2 қола)

Үндістан – бесінші (3 алтын, 5 күміс, 3 қола)

Барлығы Мексикадағы чемпионатта 19 ел жүлде жеңіп алды. Айта кетейік, жоғарыдағы медаль есептеу кезінде жалпы нәтижемен қатар жұлқа және серпе көтеру жаттығуындағы жекелей жүлделер де есепке алынды.