Басты бет > Жаңалықтар
Азия чемпионаты: көркем гимнастар Паттайяда шеберлік байқасады
16.06.2022

23-26 маусым аралығында Таиландтың Паттайя қаласында көркем гимнастикадан XIII Азия чемпионаты өтеді. Құрлық додасында ел намысын жекелей сында Елжан Тәниева мен Айбота Ертайқызы, ал топтық жаттығуда Дильназ Байленова, Баян Қойбағар, Айсұлу Мырзағалиева, Сағина Мұратқызы, Әсел Шүкірбай, Айдана Шаяхметова, Рената Жолдинова, Аружан Қасенова қорғайды.

Естеріңзіге сала кетейік, осыған дейінгі 12-ші құрлық чемпионаты былтыр 8-10 маусым күндері Ташкент қаласында өтті. Жекелей сында 6 елдің (Қазақстан, Қытай, Жапония, Қырғыз, Оңтүстік Корея, Өзбекстан), топтық бәсекеде 5 мемлекеттің (Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Өзбекстан) гимнастары шеберлік байқасқан. Жекелей көпсайыс бәсекесінде (4 құралмен өнер көрсету) қазақстандық Алина Әділханова 95.15 ұпай жинап, чемпион атанды. Өзбекстандық Тахмина Икромова күміс жүлдеге ие болған (92.90 балл). Жалпы есепте Өзбекстан құрамасы – бірінші, Қазақстан – екінші, Қытай – үшінші орын алды.

Нұр-Сұлтан мен Ташкент – көркем гимнастикадан Азия чемпионатын ең көп (3 реттен) өткізген қала. Ал Паттайя 2019 жылдан кейін екінші рет қабылдағалы тұр.