Басты бет > Жаңалықтар
Бұқаралық спорт Олимпиадасының ресми ашылуы өтті
16.06.2022

Бүгін Қостанай қаласында VII Халық спорты ойындарының ресми ашылу рәсімі өтті. Көрермендерді таңдай қақтырған шоу бағдарлама 17 команда спортшыларының шеруіне ұласты. Осыдан соң мың бұралған бишілер мен қостанайлық әншілер өнер көрсетті.

Іс-шараға ҚР МСМ Спорт жəне дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Қостанай облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қайыржан Есімтаев, Республикалық Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, жарыстың бас төрешісі Оралбай Жақсымбетов қатысты.

«Халық спорты ойындарын осымен 7-рет өткізіп отырмыз. Жыл өткен сайын қатысатын командалардың деңгейі өсіп, жарыс көркі қыза түсуде. Ден қойып келе жатқан жастардың көптігі қуантады. Осыдан болар әр өңірде бұқаралық спорт Олимпиадасы деген атау алды. Осы жолы ойындарды жоғары деңгейде өткізіп жатқан Қостанай облысы әкімдігіне, барлық спорт басқармасына, спортшыларға, төрешілерге, жанкүйерлерге алғыс айтамын. Сайыстағы саңлақтарға сәттілік тілеймін!», - деді Самат Ерғалиев.

Айта кетейік, алдағы күндері осы Қостанайда келесі Халық спорты ойындарын өткізетін қала анықталады. Ал бәсеке 24 маусымда мәресіне жетеді.