Басты бет > Жаңалықтар
Grand Slam: Абиба Әбужақынова қола жүлдеге қол жеткізді
24.06.2022

Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан Grand Slam бәсекесі басталды. Париж Олимпиадасына ұпай үлестірілетін алғашқы бәсекенің бірінші күні Қазақстан құрамасының 5 спортшысы татамиге шығып, тек біреуі ғана жүлдегер атанды.

48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Абиба Әбужақынова үздік үштікті түйіндеді. Ол бірінші белдесуде Түркменстан, екінші белдесуде Израиль, үшінді белдесуде Оңтүстік Африка спортшысын ұтты. Алайда финалға берілер жолдама жолында монғолиялықтан жеңілді. Ал қола медаль үшін жекпе-жекте IJF атынан сынға түсетін ресейлік Сабина Гильнязовадан айласын асырды. Осылайша, Абиба 500 ұпайға ие болды. Бұл балл Олимпия ойындарына іріктеу кезінде есепке алынады. Айта кетейік, әр салмақтың жеңімпазына мың, 2-орынға 700, 3-орынға 500, 5-орынға 360 ұпай беріледі. Ал 7-орындағы дзюдошы 260 баллды қанағат етеді.

Бұдан бөлек, бүгін күрескен Бауыржан Нарбаев, Қанат Сейілхан (60 кг), Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) жүлдеге қол жеткізе алмады.

Қанат Сейілхан алғашқы жекпе-жегінде түркменстандық балуанға есе жіберді (0:7). Бұл салмақтағы тағы бір отандасымыз Бауыржан португалиялықты ұтқанымен, келесі кезеңде әлем чемпионы, жапон Рюдзю Нагаямаға қарсылық көрсете алмады.

66 келіге дейінгі салмақтағы нәтиже де тура алдыңғыдай болды. Ғұсман Қырғызбаев моңғолиялық дзюдошыдан ұтылды. Ал Елдос Сметов өзбекстандық Рахимжон Субхоновты таза ұтқанымен, сосын француз Валид Хьярдан мерзімінен бұрын жеңілді.

Айта кетейік, Ұлан-Батырдағы рейтингтік жарысқа 29 елден 280-ге жуық таңдаулы татами шебері келді. 

«Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.