
03.07.2025 | 22:06
Бөлісу:
6 ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ: ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ТӨРТІНШІ ЖАРЫС КҮНІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Бокстан Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Әлем кубогының ширек финалдық бәсекелері өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Күндізгі сессияда күтпеген жерден 60 келідегі Серік Теміржанов жапониялық спортшыға есе жіберді. Әзірше бұл салмақта жерлестерімізге ірі жарыстардың жүлдесі бұйырмай келеді.
80 келіде Нұрбек Оралбай және 57 келіде Айдана Забынбекова рингке шықпай-ақ, жартылай финалға өтті. Осы орайда Айдана алғашқы ірі додасында ешкіммен кездеспей, жүлдегерлердің қатарына кіріп үлгерді. 70 келіде Наталья Богданова терезесі теңдей кездесуде Бразилия спортшысынан жеңісті жұлып алды.
Кешкі сессияда әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 4 мәрте филиппиндік боксшыны нокдаунға жіберіп, мерзімінен бұрын жеңсе, 75 келіде Сабыржан Аққалықов техникалық шеберлігімен Канада өкіліне еш мүмкіндік қалдырмады. Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай қабағындағы жарақатын ескеріп, Италия боксшысымен өте сақ жұдырықтасты. Айқастың ең қызық сәті шешуші раундта тіркеліп, төреші қос боксшыға да ескерту берді. Нәтижесінде Айбек 4:1 есебімен басым түсті.
Ертең де бокс жанкүйерлері ширек финалды кешкі 19:00-де тамашалай алады.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: