31.10.2022 | invalid

Қазақстан құрамасы ММА-ден Азия чемпионатында жалпы есепте 2-орын алды

27-30 қазан аралығында Тәжікістан астанасы Душанбеде өткен ММА-ден Азия чемпионатына 18 елден 200 шақты спортшы қатысты. Бұл қатарда Ұлттық құраманың 37 өкілі бар. Олар 7 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдеге қол жеткізді.

Жастар арасында 61,2 келі салмақтың финалында Адэль Махметова (Алматы облысы) өзбек спортшысы Зебинисо Отакулованы 3-раундта техникалық нокаутпен ұтып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.

Жастар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Ерсұлтан Шакенбай (Астана) финалда төрешілердің шешімімен моңғолиялық Отгонбаатар Болтбаатарды жеңді. Айта кетейік, Ерсұлтан – 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 18-20 жас аралығындағы жастар арасында әлем чемпионы, Орталық Азия, Еуропа чемпионы, ал енді Азия чемпионы атағына тағы қол жеткізді.

83,9 келіге дейінгі орта салмақта (жастар) финалда екі қазақстандық – Денис Черепенко (Жамбыл облысы) мен Диас Өсер (Алматы) жекпе-жегі екіншісінің пайдасына аяқталды.

Жастар арасында 65,8 келіде Самғат Шабдан (БҚО) төрешілер шешімімен тәжікстандық Умронжон Мансуровтан ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Ересектер арасында 10 қазақстандық спортшы Азия чемпионатының алтынына таласты.

47,6 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы белдесуде екі қазақстандық қыз – Түймегүл Жүніс (Шымкент) пен Қымбат Ахмет (Түркістан облысы) кездесуге тиіс еді. Бірақ қыздар жекпе-жексіз жеңіс тұғырын былайша бөлісті: Қымбат чемпион атанды, Түймегүл 2-орынды иеленді.

52,2 келі салмақта Ерұлан Қабдулов (Атырау облысы) тәжікстандық Исрофил Толибзодамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандыққа берді. Дәл осы салмақта қыздар арасында Матильда Бачурина (Ақмола облысы) Бахрейн атынан шыққан Айза Рамосқа есе жіберді.

Қыздар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Төреханова (Шымкент) Бахрейн атынан шығатын бразилиялық Фабиола Сильвадан техникалық нокаутпен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ 65,8 келіге дейінгі салмақта Мөлдір Әшірбекова (Алматы облысы) Бахрейн спортшысы Сабрина де Соузадан жеңіліп қалды.

70,3 келіге дейінгі салмақта Белгібай Әділбек (Түркістан облысы) бірауыздан тәжікстандық Масуд Одинаевқа есе жіберіп, 2-орынды иеленді.

Жартылай орта салмақта 77,1 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Досжан Кенжебаев (Алматы облысы) төрешілер шешімімен Рамазан Гитиновтен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. 93 келіге дейінгі салмақта Алик Домнич (Астана) Анвар Лангарчиевті айқын жеңіп, Азия чемпионы атанды.

120,2 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Расул Хатаев (Маңғыстау облысы) тәжікстандық Шакрух Фатоевты қылқындыру әдісімен жеңіп, алтын жүлде алды.

Қола жүлдегерлер:

Жастар (18-20):

52,2 келіге дейін - Дархан Исмағұлов (Қостанай облысы)

56,7 келіге дейін - Оңғар Смағұл (Алматы облысы)

61,2 келіге дейін - Шыңғыс Ыдырысов (Алматы)

70,3 келіге дейін - Жанерке Жамалбекова (Жамбыл облысы)

77,1 келіге дейін - Даниил Губин (Қарағанды ​​облысы)

120,2 келіге дейін - Нұрәділ Қайырбергенұлы (БҚО)

Ересектер (21+):

52,2 келіге дейін - Руслан Әбдірахманов (БҚО)

56,7 келіге дейін - Инас Әшірбек (Алматы облысы)

61,2 келіге дейін Салауат Қаби (Жетісу облысы)

70,3 келіге дейін - Неймат Асадов (Атырау облысы)

Қазақстан құрамасы жалпы есепте жастар мен ересектер арасында да 2-орынға тұрақтады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес