25.06.2025 | 20:01

ӘБИБА АБУЖАҚЫНОВА ӘЛЕМ РЕЙТИНГІНДЕ ЕКІНШІ ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Мажарстан астанасы Будапешт қаласында мәресіне жеткен әлем чемпионатынан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингін жаңартты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлемдік ұйым ұсынып отырған рейтингке сәйкес, үш отандасымыз өз салмағында ТОП-10 палуанның қатарына еніп отыр. Мәселен, әйелдер арасындағы бәсекеде отандық дзюдо тарихында алғаш рет финалда белдесіп, күміс жүлдегер атанған Әбиба Абужақынова (48 кг) рейтингте екі саты жоғарылап, 5662 ұпаймен 2-орынға жайғасты.

Ерлер арасында Париж Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Елдос Сметов (9-орын) биылдыққа татамиге шықпаса да, әлі де әлемнің ең үздік 10 дзюдошының қатарында тұр. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатындағы нәтижесіне байланысты рейтингте 7 саты көтеріліп, ТОП-10 палуанның қатарына қосылды.

Бұдан бөлек, 60 келідегі Мағжан Шамшадин 19-орынға көтерілсе, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) мен Нұрлыхан Шархан (100 кг) рейтингтегі орындарын сақтап қалды. Абылайхан 14-орында, Нұрлыхан 26-орында тұр. Әлем чемпионатында 90 келіде белдескен Мейірлан Максим бірден 36 саты көтеріліп, 41-орынға жоғарылады. Ол жаһандық доданың 1/8 финалында төрт дүркін әлем чемпионы (үшеуі командалық сайыста) жапониялық Гоки Тадзимадан жеңіліп қалған.

100 келіден жоғары салмақта белдесетін Ерасыл Қажыбаев та әлем чемпионатынан кейін жағдайын жақсартып алды. Рейтингте 7 сатыға жоғарылап, ТОП-20 дзюдошының қатарына қосылды.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес