18.08.2023 | 16:24

Әлем чемпионаты: Әсем Орынбайдың финалға шығуына бір ұпай жетпей қалды

Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында кезекті жүлде жиынтығы сарапқа салынып жатыр, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Стенд атудың скит бағдарламасында бақ сынаған отандасымыз Әсем Орынбай жалпы есепте 120 ұпаймен 14-сатыда қалды. Оның үздік 6 мергеннің қатарына қосылуына бір балл жетпеді. Әсем кешегі іріктеуді өте жинақы өткізіп, барлық оғын нысанаға дарытқан. Қытайлық Сиксуэ Хуан екеуі 75 ұпаймен көш бастап тұрды. Алайда бүгінгі 2 айналымда 5 рет мүлт кетті.

«Бұл біз ойламаған нәтиже болды. Егер Әсем шешуші айналымда 21 емес, 22 ұпай жинағанда финалға шығар еді. Ал онда бәрінің мүмкіндігі бірдей. Алты спортшының кез келгені жүлде, сосын Олимпиада жолдамасына иелік ете алады. Қазір спортшымен бірлесе жұмыс істеп, аралас командалық сайысқа дайындаламыз»,-деп айтты стенд атудан Ұлттық құрама бас бапкері Сергей Колос.

Бұл сайыста тағы бір отандасымыз Ольга Панарина 48-ші (114 ұпай), Зоя Кравченко (112 ұпай) 53-ші орыннан көрінді. Айта кетейік, бұл жаттығуда 71 спортшы сынға түсті.

Айта кетейік, Әзербайжан астанасындағы дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Қазір 101 мемлекеттен келген 1200-ден астам мерген бақ сынап жатыр. Байрақты бәсеке кезінде келесі жылы Францияның бас қаласы қабылдайтын Олимпиаданың 48 жолдамасы сарапқа салынады. 

Ерлер арасындағы скит бағдарламасының іріктеу әлі жалғасып жатыр. Жекелей сынның финалы ертең елорда уақытымен 17:10-да басталады. Жарысты ISSF-тің YouTube арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Әсем Орынбайдың көрсеткішіне шолу:

Биылғы маусымда Әсем Орынбай әр жарыста тұрақты өнер көрсетіп, бірнеше рет тұғыр биігіне көтерілді. Атап айтар болсақ, мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірлесіп күміс жүлдегер атанды. Сосын, жазда Италиядағы Әлем Кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен) 3-орын алған.

Есіңізде болса, былтыр қазан айында Хорватияның Осиек қаласындағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко скит бағдарламасында қола жүлдеге қол жеткізген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес