18.03.2023 | 21:48

Әлем чемпионатының 3-күні: тағы 3 қазақстандық келесі кезеңге шықты

Үндістан астанасында өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының 3-жарыс күні үш қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, жеңіске жетті.

Жеңіл салмақта (48 кг) жұдырықтасатын Алуа Балқыбекова алғашқы кездесуін сәтті өткізді. Дәл сол сияқты Олимпиада бағдарламасына кіретін 54 кг және 66 келіге дейінгі салмақта Жайна Шекербекова мен Надежда Рябец келесі кезеңге жолдама алды.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова 48 келіге дейінгі салмақта 1/16 кезеңде сингапурлық Кей Ван Чи Ваймен шеберлік байқасты. Алуа қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Төрешілер есебі – 5:0. Оның келесі қарсыласы Ресей спортшысы Юлия Чумгалакова.

«Барлық қазақстандыққа Үндістаннан сәлем жолдаймын! Мен алғашқы жекпе-жегімде жеңіске жеттім, Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай болды. Мен барлық туыстарыма және жанкүйерлеріме, бізді қолдағаныңыз үшін, біз үшін дұға еткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді. Барлық қыздарымызға тек рингте жеңіс тілеймін», - деді жекпе-жектен кейін Алуа Балқыбекова.

Кешкі бағдарламада жерлестеріміздің арасынан шаршы алаңға көтерілген  Шекербекова мен Рябец алғашқы сынақтан сүрінген жоқ. Жайна оңтүстік кореялық Эм Э Джимен, ал Надежда Сен Суджинмен жұдырықтасты. Өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жайна Шекербекова қарсыласын  ойсырата ұтты. Надежда Рябецке келетін болсақ, Оңтүстік Корея өкілінен еш қиындықсыз басым түсіп, келесі айналымға өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет өткізеді. Алдағы күндері 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласады. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес