19.03.2023 | 22:03

Әлем чемпионатының 3-күні: Ұлттық құраманың бір боксшысы қатардан шығып қалды

Делидегі əлем чемпионатының 4-жарыс күні шаршы алаңға Назым Қызайбай (50 кг дейін) мен Карина Ибрагимова (57 кг дейін) шықты.

Айта кетейік, бұл екі салмақ та Олимпиада бағдарламасына кіреді. Өкінішке қарай, бүгін Қазақстан құрамасының алғашқы боксшысы сүрінді. Команданың ұзақ жылдан бергі көшбасшысы, 2 дүркін əлем чемпионы Назым Қызайбай Делидегі алғашқы кездесуде вьетнамдық Тхи Там Нгуеннің мықты екенін мойындауға мəжбүр болды. Жекпе-жек тартысты өтіп, 2 боксшы көп соққы жасаған. Бірақ төрешілер жеңісті Вьетнам боксшысына берді.

Назым Қызайбайдың ізін ала Делидегі шаршы алаңға Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Карина Ибрагимова шықты. Əлем чемпионатының қола жүлдегері биыл да бас жүлдеге басты үміткер боксшының бірі. Карина да Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақта (57 кг дейін) өнер көрсетеді. Ол бүгін колумбиялық Валериея Арболеда Мендосамен кездесіп, келесі кезеңге өтті.

Отандасымыз өз мəнерінде жұдырықтасып, қарсыластың қорғанысын бұзып-жарды. Боксшымыздың колумбиялық спортшыдан бір бас жоғары екені көзге ұрып тұрды. Біздің боксшымыз техникалық нокаутпен ұтты.

«Барлық жанкүйерімізге рақмет! Алда бізді əлі қиын жекпе-жектер күтіп тұр. Барымызды салып, жеңіске жетуге тырысамыз. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш береді, жігерімізді жаниды», - деді Карина Ибрагимова.

Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет қабылдап жатыр. Қазір мұнда 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласып жатыр. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан құрамасы барлық 12 салмақта спортшы алып барған. Бəсекені бастан-аяқ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес