13.01.2023 | invalid

Әлем студенттерінің бәсекесі басталды

Бүгін АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында  XXX қысқы Универсиаданың ресми ашылуы өтті. Енді 11  күн бойы әлемнің 600 университетінің студенттері 12 спорт түрінен 86 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бүгін ашылу рәсімі кезінде Мемлекеттік Туды Мағжан Аманкелдіұлы (шаңғы қоссайысы) мен Гауһар Наурызова (мәнерлеп сырғанаушы) ұстап шықты. Жалпы Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды. Оның ішінде шаңғымен жарысудан - 14, шорт-тректен - 12, биатлоннан - 9, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден - 6, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан - 2, шайбалы хоккейден 23 қазақстандық студент бар.

Қазірге дейін қазақстандық спортшылар қысқы Универсиадаларда 85 жүлдеге (28 алтын, 25 күміс пен 32 қола) қол жеткізген. Яғни, жалпы медаль есебінде 15-орындамыз. Ал қысқы мен жазғы Универсиадаларды қосқанда Қазақстан еншісінде 48 алтын, 65 күміс, 79 қола (барлығы 192) медаль болады. Бұл дегеніңіз, 24-орын.

Универсиаданың тарихы 1924 жылдан бастау алады. Ол 1959 жылға дейін бүкіләлемдік университет ойындары аталып келді. Сол жылдан бастап «универсиада», деп өзгеріп, оған қатысу талаптары енгізілді. Ол бойынша 17 жасқа толған және 28 жастан аспаған жігіттер мен қыздар аталмыш ойындарға қатысуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, дүбірлі доданы Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес