19.04.2022 | invalid

«Әлімхан Сыздықов - болашағынан зор үміт күттіретін балуан» – бас бапкер Серік Жұмашев Азия чемпионатының бірінші күнін қорытындылады

Күрес түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы күні мәресіне жетті. Грек-рим күресінен 5 салмақта жүлдегерлер анықталды. Осы ретте Қазақстан балуандары барлық салмақта медальға таласты. Қоржынға бір алтын, үш күміс пен бір қола түсті.

Алғаш болып бозкілемге шыққан Аманғали Бекболатов (55 кг) финалда Ю Шиотаниға тұсау сала алмады. Былтыр құрлық бәсекесінде топ жарған 21 жастағы жопон сол нәтижесін тағы қайталады. Айта кетейік, 26 жастағы қазақстандық ширек финалда үндістандық Арджун Халакуриді, сосын жартылай финалда алаң қожайыны Даваабанди Манх Эрденені ұтқан.

«Аманғали тәжірибесі толысқан балуан. Биыл ел чемпионатында осы салмақта мықты екенін көрсетті. Іріктеуде жоғары деңгейде күресті. Алайда финалда көп қателік жасады. Бапкерлер айтқан тактика бойынша жұмыс істей алмады. Біз жапон балуанын жақсы зерттедік. Ол өз елінде Ослодағы әлем чемпионатында алтын алған Кэн Мацуиді ұтып келгенін білеміз. Өкініштісі, Аманғали Бекболатовке кей тұста сәттілік жетіспеді»,-деді бас бапкер.

Осыдан кейін белдескен Мейрамбек Айнағұлов (63 кг) пен Мақсат Ережепов (77 кг) те қырғыз балуандарына есе жіберді. Алғашқысын Тынар Шаршенбеков, кейінгісін Ақжол Махмұдов алып жықты. Мейрамбек іріктеуде әуелі сириялық, ізін ала ирандық қарсыластан айласын асырған. Ал Азия чемпионатында 3 рет медаль жеңіп алған Мақсат Үндістан мен Жапония өкілін ұтты.

«Мейрамбек құрамадағы көшбасшының бірі. Екі әлем чемпионатында жүлдегер болды. Десе де Олимпиададан кейін кішігірім жарақат алып қалды. Ел чемпионатынан соң емделді. Осы бәсекеде алтын алады, деп үміттендік. Бірақ шешуші сәтте қателік жіберді. Егер екінші айналымда асығыстық жасамағанда жеңіске жетер ме еді?.. Осы тұста төрешілер бұра тартты деп есептеймін. Қырғыз балуаны аяқтан шалып жасаған әдісті есептеп жіберді. Шешім қабылданған соң оны өзгерте алмайсыз, әрине»,-деп айтты Серік Жұмашев.

Осыдан кейін қола медаль үшін таласта Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) қырғыз Мелис Айтбековтен мықты екенін көрсетті.

«Мақсат Ережепов осы салмақтағы көшбасшы балуанмен күресті. Қиын белдесу болды. Ақжол Махмұдов бар шеберлігін паш етті»,-дейді бас бапкер.

Құрамамызға алғашқы алтынды аса ауыр салмақта (130 кг) бақ сынайтын Әлімхан Сыздықов алып келді. Ол 29 жастағы Ким Минсокпен күрес барысында қатты қинала қойған жоқ. Ақтық сынға жолдама алу үшін Сыздықов әуелі Роман Кимді, сосын жапон Арата Соноданы сенімді жеңді.

«Әлімханның бұл салмаққа ауысқанына 2 жылдай болды. Оған дейін 97 келіде өнер көрсеткен. Былтыр Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болғанын білесіздер. Жылдан-жылға күш қосып, қарқын алып келе жатыр. Бүгін барлық жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Әлиханға зор үміт артамыз»,-деді.

Қазақстан құрамасы бірінші күннің қорытындысы бойынша жалпы есепте көш басында тұр. Ал ертең тағы 5 салмақта грек-рим күресінің шеберлері сынға түседі. Ел намысын Ернар Фидахметов (60 кг), Мейіржан Шермахамбет (67 кг), Абылайхан Амзеев (72 кг), Диас Қален (82 кг), Санжар Серікқан (97 кг). Бас бапкер Серік Жұмашев осы балуандардан да жүлде күтеміз дейді.

#WrestleUlaanbaatar

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес