10.02.2023 | 17:06

Алина Дауранова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Бүгін Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты басталды. Сәтін салып алғашқы жарыс күні Ұлттық құрама көшбасшысы Алина Дауранова 500 метрде қола жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз бұл қашықтықты 39.10 секундта жүгіріп өтті.

Италиялық Серена Пергер чемпион атанса, нидерландтық Энджел Дэйлман күміс медаль жеңіп алды.

Былтыр Алина Аустрияның Инсбрук қаласында өткен әлем чемпионатында 1000 метрге жарыста күміс жүлде жеңіп алған.

Осы ретте қазақстандық спортшылар жасөспірімдер арасындағы дүние жүзі чемпионатында тұғыр биігіне жиі көтеріліп, жанкүйерлерді қуантып келеді. Мәселен, былтыр Инсбрукте еліміздің әйелдер құрамасы (Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Дарья Гаврилова) командалық спринтте 3-орын алған.

Оның алдында Екатерина Айдова 500 метрге жарыста Мәскеудегі әлем чемпионатында жеңімпаз атанса (2010 жыл), Сейняйоки қаласында (2011 жыл) күміс жүлдеге ие болған. Мәскеудегі бәсекеде тағы бір қазақстандық Алексей Бондарчук 500 метрде үшінші нәтиже көрсеткен.

Ал ерлер арасында Закопане қаласында (Польша) Роман Креч 1500 метрде күміс, 1000 метрде қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ Станислав Палкиннің 2015 жылғы чемпионатта мың метрде жеңіп алған қоласы бар.

Айта кетейік, Германиядағы биылғы әлем чемпионаты 12 ақпанда мәресіне жетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес