13.06.2024 | 21:56

АЛИНА ИЛЬЯСОВА – ЕРТЕҢ КОМАНДА ҮШІН ШЕШУШІ КҮН

Бүгін садақ атудан Антальяда (Түркия) өтетін шешуші әлемдік іріктеу кезеңіне соңғы дайындық жүргізілді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңіндегі барлық жарысқа қатысып келе жатқан Ұлттық құрама спортшысы Алина Ильясова былай деп пікір білдірді.

«Үш жыл бұрын Токио Олимпиадасының әлемдік іріктеуіне қатысып, шешуші кезең – ширек финалда грек қызына есе жібергенмін. Сол кездегі жан-жақтан қаумалаған камера, өзімнің әлі жас болуым кедергі келтірген. Осы жолы ешқандай қобалжу жоқ. Өзіме сенімдімін. Бұйырса, ертең командалық сайыста жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз. Бастысы – психология, команданың өзара қолдауы, турнирге деген құлшынысы.

Антальяда бірінші рет болып тұрған жоқпын. Жарыстар жиі өтеді. Алайда ертең ауа райы 40 градус болады. Ылғалдылық жоғары. Бірақ барлық спортшы тең жағдайда».

Лицениялық жарыс 17 маусым мәресіне жетеді. Айта кетейік, Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңдерінің барлығында 23 жастағы Алина Ильясова өнер көрсетіп келеді. Ал Диана Тұрсынбек пен Елизавета Авдеева үшін бірінші маңызды турнир болмақ.

Сурет: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес