16.01.2024 | 18:30

Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко Азия чемпионы атанды

Стенд атудан Кувейт астанасында өтіп жатқан Азия чемпионатының трап бағдарламасында Қазақстан құрамасы алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жұптық сында Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко 140 ұпай жинап, ел әнұранын шырқатты. Күміс медаль Иран мергені Мохаммад Бейранванд пен Марзиех Парварештің (137 ұпай) еншісінде. Үздік үштікті қытайлық спортшылар Юхао Гуо мен Сяоцзин Ван (136 ұпай) түйіндеді.

Қазақстан-2 құрамасы (Айжан Досмағамбетова мен Максим Бедарев) жалпы есепте 12-сатыдан көрінді (129 ұпай).

Келе жатқан Париж Олимпиадасында трап бағдарламасындағы аралас жұптық сында (микст) жүлде сарапқа салынбайды. Оның орнын алдыңғы ойындардан сырт қалған скиттегі микст басады. Сол себепті бүгінгі бәсекеде ешқандай лицензия таратылған жоқ.

Айта кетейік, кеше Мария Дмитренко трап бағдарламасында жеке және командалық сайыста қола жүлде иеленген.

Стенд атудан Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін созылады. Биыл 35 елден жиналған 350-ден астам мерген сынға түсіп жатыр. Кувейтте Париж Олимпиадасының 8 лицензиясы сарапқа салынады.

Скит жəне трап бағдарламасында барлығы 18 қазақстандық өнер көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес