09.12.2022 | invalid

Алматыда шорт-тректен Әлем Кубогының 3-кезеңі басталды (Іріктеудің нәтижесі)

Бүгін Алматы қаласындағы «Халық-арена» спорт және мәдениет сарайында шорт-тректен Әлем Кубогының 3-кезеңі басталды. Мұнда барлығы 28 елдің спортшылары келді. Алғашқы жарыс күні барлық қашықтықта іріктеу өтті. Назарларыңызға қазақстандық спортшылардың нәтижесін ұсынамыз:

Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Санжар Жанысов 500 метрде ширек финалға шықты. Әйелдер арасында Яна Хан да 500 метрге жарыста ширек финалда.

Ал Еркебұлан Шамуханов 1000 метрге ширек финалда жарысады.

Ерлерден Нұртілек Қажығали, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов, ал әйелдерден Ольга Тихонова, Алина Әжіғалиева, Мадина Жанбусинова 1 500 метрде жартылай финалда сынға түседі.

Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы командалық эстафетада жартылай финалға жолдама алды. Алайда 2 мың метрге аралас эстафетада Ұлттық құрама жүлде үшін таласа алмайды. Десе де бүгін іріктеуден өте алмаған барлық спортшы ертең жұбаныш жарысына қатысып, жолдамаға таласа алады. Бүгінгі толық нәтижені мына жерден көруге болады.

Әлем Кубогының 3-кезеңі 11 желтоқсанда аяқталады. Сосын, спортшылар бір аптадан кейін Алматыда өтетін 4-кезеңге дайындалады. Жарыстарды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Суреттердің авторы - Сали Сабиров.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес