25.12.2022 | invalid

«Алматыға қош келдіңіздер!». Шахматшылар әлем чемпионатын бастады

Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында  рапид және блиц шахматтан Әлем чемпионаты басталды. Салтанатты ашылу рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақстанда осы турнирді өткізуге септігін тигізгені үшін Халықаралық шахмат федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мұндай беделді жарыстар елімізде шахматтың танымалдылығын арттыруға тың серпін берері сөзсіз. Бүгінде қазақстандық шахматшылар балалар арасындағы және ересектер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты интеллектуалды спорт түрлерімен шұғылдануға, алдына зор мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге  жігерлендіреді.

Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді. Турнир қатысушыларына жарыстан ұмытылмас әсер алып, жарқын жеңістерге жетуді тілеймін», –  деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Жалпы биылғы бәсекеге 50-ден астам елдің таңдаулы шахматшылары жиналды. Ал ел намысын қорғайтын қазақстандық ойыншылар тізімі мынандай:

Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камаледенова, Гүлісхан Нахбаева, Әсел Серікбай, Аяулым Қалдарова, Алуа Нұрманова, Лия Құрманғалиева, Амина Қайырбекова, Назерке Нұрғали, Зейнеп Сұлтанбек, Ксения Балабаева, Зарина Нұрғалиева, Елназ Қалиахмет, Бақыт Балақанова, Арнаш Бауыржан, Кристина Попандопуло, Кристина Ким, Гүлнар Балақанова, Әсия Асылхан, Әльфия Насыбуллина мен Айдана Мәди.

Ринат Жұмабаев, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Жандос Агманов, Арыстанбек Оразаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов, Рустам Хуснутдинов, Петр Костенко, Даниял Сапенов, Алдияр Аңсат, Иманғали Ақылбай, Сауат Нұрғалиев, Эдгар Мамедов, Ернұр Амангелді, Ерғали Сүлеймен, Әбілмансұр Әбділқайыр, Азамат Өтеғалиев пен Константин Казаков.

Ашылу рәсімінің соңында жеребе тартылды. Сахнаға рейтингте көш бастап тұрған шахматышлар шықты. Олар: Хикару Накамура (блиц), Магнус Карлсен (рапид), Екатерина Лагно (блиц), Александра Костенюк (рапид). Чемпионаттың бас төрешісі – ирандық Әмір Ирфан Хашеми. Жеребе нәтижесі:

Хикару Накамура (блиц) – қара

Магнус Карлсен (рапид) – қара

Екатерина Лагно (блиц) – ақ

Александра Костенюк (рапид) – қара

ӘЧ-ның ұйымдастырушылары – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Жалпы жүлде қоры – $1 млн.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес