19.05.2023 | 00:59

Андрей Голубев Италиядағы турнирдің жартылай финалына шықты

Бүгін қазақстандық теннисші Андрей Голубев жұптық сында Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Челленджер санатындағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Ол украиналық Денис Молчановпен бірге ширек финалда аргентиналық Себастьян Баес пен бразилиялық Тьяго Уайлдпен ойнауы керек болған. Алайда қарсыластары келмей, жеңіс Голубев пен Молчановқа берілді.

Сонымен қатар осы додада Александр Недовесов сербиялық Никола Качичпен бірге бастапқы бәсекесін сәтті өткізді. Олар италиялық Флавио Коболли – Джулио Зеппиериді 5:7, 7:6 (7:4), 10:6 есебімен тізе бүктірді.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Недовесов пен Качич жартылай финалға шығу үшін румыниялық Влад Виктор Корня және венесуэлалық Луис-Давид Мартинеспен таласады. Егер қазақстандық теннисшілер алдағы қарсыластарын ұтса, финалда ғана кездесуі мүмкін.

Тағы бір отандасымыз Григорий Ломакин хорватиялық Звонимир Бабичпен бірге Португалияда өтіп жатқан Оэйраш Челленджер турнирінің жартылай финалына шыға алмады. Олар ширек финалда португалиялықтар Джейми Фария – Энрике Рошадан жеңілді (1:6, 4:6).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес