
05.04.2025 | 02:56
Бөлісу:
АРИНА АЛТУХОВА БУЭНОС-АЙРЕСТЕГІ ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ
Бүгін Аргентина астанасы Буэнос-Айресте нысана көздеуден өтіп жатқан әлем кубогында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Әйелдер арасында винтовкамен 50 метрден 3 позицияда оқ атуда Арина Алтухова қола медаль жеңіп алды. Ол іріктеуде 588 ұпай жинап, 3-сатыға тұрақтаған. Ал ақтық сында 445.9 ұпаймен жалпы есепте 3-сатыны сақтап қалды. Алтын Үндістан, күміс Германия спортшысының еншісінде.
Арина финалда жасөспірімдер, ересектер арасындағы әлем чемпионы және жүлдегерлерінен, Олимпиадаға қатысқан мергендерден басым түсті.
Тағы бір отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері (миксте) Александра Ле бұл жаттығуда 12-орыннан көрінді (584 ұпай).
Сондай-ақ София Шульженко 14-ші (583 ұпай), Елизавета Безрукова 24-сатыда. Буэнос-Айрестегі әлем кубогының кезеңі 11 сәуірде аяқталады.
Еске сала кетейік, 21 жастағы біздің мерген былтыр Париж Олимпиадасында өнер көрсетті. Осы жаттығуда (3 позицияда нысана көздеу) Францияда 13-орынға тұрақтаған.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: